БҚО-да балалар жаңа оқу жылын тозығы жеткен мектепте қарсы алуы мүмкін

Өйткені өңірдегі Щапов ауылында мектеп құрылысы кестеден кешігіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мердігер ұйым өкілдері құрылыс материалдарының күрт қымбаттап кетуіне байланысты бюджеттен қосымша қаржы сұрап отыр. Ал әкімдік олардың ұсынысына үзілді-кесілді қарсы. Щапов ауылында 400 орындық жаңа мектеп алдағы қыркүйек айында тапсырылуы тиіс еді. Әйткенмен мердігер компания межелі уақытта құрылысты аяқтап үлгермейтін болды. Олардың айтуынша, жобада кейбір шығындар ескерілмеген. «Бұған қоса материалдардың бағасы 27%-ке дейін қымбаттап кетуі жығылғанға жұдырық болды», – дейді кәсіпорын өкілі.

Виталий Кузнецов, құрылыс учаскесінің басшысы:

Тиісті жұмыстардың 90%-і орындалды. Енді ғимараттың ішкі жұмыстары қалды. Төсеніштерді төсеп, есіктерді орнату қажет. Алайда қаражаттың жетіспеуі қолбайлау. Жобада қосымша 120 млн теңге ескерілмеген.

Сонымен қатар мектептің ауласын абаттандыру жұмыстары да уақтылы бітпеді. Бұл міндетті алған қосалқы мердігер ұйым да тығырыққа тіреліп отыр. 8 мың шаршы метр аумақта ойын және спорт алаңдары салынып, газон, төсеніштастар мен асфальт төселуі тиіс. Бірақ бұл бағытқа қосымша 20 млн теңге жетпейтін көрінеді.

Семён Кустанович, қосалқы мердігер компания директоры:

– Битум мен асфальт бағасы күрт өсіп кетті. Құм-қиыршық қоспасы, шағыртас, цемент те қымбаттап барады. Бізге қосымша қаржы қажет. Әйтпесе шаш-етектен шығынға батқалы тұрмыз.

Саладағы іркіліс тұрғындардың мазасын қашырды. Өйткені балалар қабырғасы қақыраған ескі мектепте тағы бір оқу жылын өткізуі мүмкін.

Гүлтай Қазбекова, Щапов ауылының тұрғыны:

– Өзімнің кенже қызым оқиды осында. 10 оқиды енді. 1 қыркүйекте біте ме деп сұрап жатыр ғой ауыл тұрғындары да, бәрі де. Сол көмек сұрауын өтінеміз енді қаражат үлгертіп.

Жергілікті билік салада мұндай келеңсіздіктер жиі болып жатқанын айтты. Енді мердігерлерге қосымша қаражат бөлінеді, бірақ бәріне емес.

Әлібек Антазиев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:

– Былтыр 30 сәуірден кейінгі конкурстарды ұтқан мердігерлерге бюджеттен қосымша қаржы бағытталмайды. Өйткені компаниялар ол уақытта құрылыс материалдары қымбаттап жатқанын білді және біле тұра конкурсқа қатысты. Сондықтан жоспарланған есепке сәйкес жұмысын жүргізуі қажет. Ал мамыр айына дейінгі конкурстарды жеңіп алып, кейін қиындыққа тап болған 7 компанияның өтінішін қабылдадық. Жыл соңына дейін оларға 1 млрд 200 млн теңге төленеді.

Бұл қолдау механизміне Щапов мектебіне жауапты мердігер ілікпейді. Әйтсе де компания басшылығы нарықтағы бағаларды саралап, шығынға батқанын дәлелдеуге бел буып отыр. Бұл тұста білім саласы зардап шеккелі тұрғаны қынжылтады. Ауыл тұрғындары биліктен жаңа мектеп жобасын жеделдетуді сұрайды.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов