Ақтөбе облысында Pfizer вакцинасы таусылды

Ақтөбе облысында коронавирусқа қарсы қолданылатын «Пфайзер» вакцинасы таусылған. Қазір өңірдегі емханалардың ешқайсысында жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандардың айтуынша, аталмыш екпені шілденің соңғы күндерінен бері табу қиындады. Ал қауіпті дертке қарсы егу жұмысы басталғалы облыста 12 мен 17 жас аралығындағы 16 мың бала, 1200-ден астам жүкті әйел мен өзге де санаттағы адамдар «Пфайзер» салдырған. Дегенмен аймақта өзге де вакцина түрлері азайыпты. Отандық өнім «Казвак» та таусылуға жақын. Сондықтан өңір екпенің жаңа партиясын күтіп отыр.

Айгүл Байбатшаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы:

– Мүгедектігі бар тұрғындарға да қойылды. «Пфайзер» вакцинасы реквакцинация кезінде жасалынды. Сонымен қатар біздер шетел жаққа жүретін, жаңағы «болашақ» мемлекеттік бағдарламамен баратын, тек «Пфайзер» вакцинасы қабылданатын елдер бар. Сол жерге кететін адамдар да осы вакцинамен егілді. Бүгіндікке облыс бойынша «Пайзер» вакцинасы жоқ. Қазір негізінде «Синофарм» вакцинасымен егіп жатырмыз.