476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Жетісу облысындағы отбасында ХVIII ғасырдың құнды жәдігерлері сақталған

  • 169
  • UPD: 21:01, 13.08.2022

Әулеттің ұйытқысына айналған Әуесхан Мажайқызы үшін үйдегі әрбір зат ерекше құнды. Өйткені бұл жәдігерлер төрт атадан бері жалғасқан тарихтан сыр шертеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ең көнесі Солтангелді бидің ертоқымы және құсбегі болған Ұлтарақ бабаның аңшылық құралы. Одан кейінгісі Жансарбай емшіден қалған ағаш ыдыстар. Үйде осындай жеті жүзден астам бұйым сақтаулы тұр. 

Әуесхан Мажайқызы, қала тұрғыны:

Біздің аталарымыз мұның құндылығын түсінген. Мұның маңызын біліп сақтаған. Мұны сақтағандар сақтады сақтамағандар күресінге жіберді, тастап лақтырып, отқа жақты. Бізде барлығы толық бар.

Отбасының көпшілікке көрсете бермейтін көздің қарашығындай сақтап отырғаны шағатай тілінде жазылған бес беттік қолжазба. Омарақын Жансарбайұлының құжаттары мен Андас Омарақынның өлең жырлары. Ел аузынан жиналған аңыз әңгіме, ертегі, қисса-дастандардың қағазға түсірілген түпнұсқасы да бар.

Туыстардың ішінде елімізге ең бірінші болып ұлдың үлкені Қажет Андас келді. Артынша іні-қарындастарын көшіріп алды. Атажұртқа табан тіреген ол журналистика мамандығын меңгерген. Бүгінде бір ғасырлық тарихы бар «Жетісу» газетінің белді қызметкері. Тарихи, ғылыми публицистикалық және көркем әдеби шығармалары топтастырылған жиырма кітаптың авторы.

Қажет Андас, журналист:

Біздің Андас отбасымыздың құндылығы дегеніміз не дегенде бірнеше құндылығымыз бар. Атамұра шығармашылық еңбегіне құрметпен қарау. Енді біздің қолымызда төрт атамыздан жиналған бес мың беттен астам құнды жәдігер бар. Архивке біз 56 іс мыңнан астам құжат тапсырдық. Әзір біздің қолымызда 500 беттік құнды қолжазба әлі тұр. Біздің отбасымыздың ең басты артықшылығы сол қалдырған мұраларын әрі қарай жалғастыру, ұлттың қазынасына айналдырғанымыз.

Ұлт мұрасын түгендеген өнегелі отбасы қолөнерден де кенде емес. Жетпіс екіге келген Әуесхан Мажайқызы әлі күнге дейін ши тоқып, кесте тігеді. Оған немерелері мен көршілердің балаларын да баулып келеді.

Мақпал Андас, қала тұрғыны:

– Кішкене кезімізден бастап әкем бізді мектепке жетектеп апарды. Біріншіден, мұғалімнен білім алсақ, екіншіден, үйдегі ата анамыз кереметтей мұғалім болды да сол кісілерден білім алдық. Бізден жеті магистр шықты. Артымыздан жастар өсіп келеді. Олар биіктен көрінеді деген ойдамыз.

Төрт атадан бергі тұтас әулеттің қолөнер бұйымдарын, қолжазба қағаздарын сақтау арқылы отбасы тарыдай шашылған қазақтың тарихын сақтауға үлес қосып отыр.

Авторы: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

 

Хабар 24 телеарнасы