ШҚО-да «Мерейлі отбасы» ұлттық жобасының жеңімпаздары анықталды

Шығыс Қазақстан облысында «Мерейлі отбасы» ұлттық жобасының жеңімпаздары анықталды. Бозжігітовтердің әулеті отбасылық құндылықтарды дәріптеп, өңірге үлгі ретінде танылып отыр. Отбасының ұйытқысы болған Кәмила Аманқұлованың жасы 82-ден асса да немере мен шөберелеріне кесте тігу өнерін үйретіп, оны дәріптеп жүр.

Кәмила әжей он саусағынан өнер тамған адам. Кезінде қыздарының төсекорын жабдықтарын өз қолымен кестелеп, тігіп берген. Уақыты болып, кейде қалаға шыққанда немере-шөберелеріне Өскемен шаһарының ең көрікті жерлерін көрсетіп қалуға тырысады. Сексеннің екісіне келген кейуананың бар арманы елі мен ұрпақ-жұрағаттың амандығы.

Кәмила Аманқұлова, "Алтын алқа" иегері:

- 21 немерем бар, 17 шөберем бар. Аман болсын балаларым, бақытты болсын, қызықтарын көре берейік, дендері сау болсын енді. 

Бүгінде зоотехник пен үй шаруасында отырған ананың отбасынан дәрігерлер, еңбек сіңірген педагогтар мен аграрлық саланың мықты мамандары шыққан. Бірі Қатон-Қарағайда қалса, енді бірі Өскеменде еңбек етіп жүр. Барайын десем жол шалғай демей, орайы келгенде бір атаның баласы бір шаңырақ астынан табылады.

Жанар Бозжігітова, әулеттің келіні:

- Енемнің берген тәрбиесі осы балалардың барлығы тату-тәтті. Бірліктері жарасқан. Отбасы бір шағын кішкентай мемлекет деп жатады. Барлық жақсылық осы отбасынан басталады. Отбасында не көрсең соның барлығы балаларына дариды деген.

Алда «Мерейлі отбасы» ұлттық жобасының республикалық кезеңі тұр. Бойға ата-ана тәрбиесін сіңіріп өскен жанұя өкілдері онда да бақ сынап көрмек. 

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Вячеслав Ветлугин, Жигер Бабаханов

Сондай-ақ...