Аурухана ескі, маман тапшы – Ақмола облысы

Көкшетау қаласының іргесіндегі Заречный ауылының медициналық қосыны. Амбулатория деген аты болмаса, шағын ғана ескі үй. Сондықтан нысан ешқандай талаптарға сай келмейді. Ал, ауылдықтар, одан еш пайда да болмай тұр, - дейді. Себебі мұнда дәрігер де жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал, медицина нысанының тазалығына жауапты қызметкер болса, ғимаратты өз күшімен жылда ақтап, сырлап отыратындарын айтады. Дәрігер мәселесіне келсек, халық қараусыз қалып жатқан жоқ, - дейді.

Айнагүл Сәлімбаева, санитарлық қызметкер:

- Бізге медбике Березняковкадан келеді. Екі ауылда 1 медбике бізде. Ешқандай кісілер жаман не естіп жатқан жоқпыз. Бәрі жақсы. Түнде шақыртса да келеді. Түсте де. Кішкентай балаларды, қарт адамдарды бәрін қарап өтеді. Дәрілерін уақытында беріп отырамыз. Сол медпунктке ремонт жұмысы керек енді.

Өкінішке қарай қазір аймақтағы әрбір екінші ауылдың медицинасы осындай халде. Емдеу мекемесі тозған, дәрігер жетіспейді. Бұл мәселелердің шешімін облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысынан сұрадық.

Оның айтуынша, ескірген 400-ге жуық нысанның бәрін жөндеуге және қайта тұрғызуға 200 млрд теңгеден астам қаражат қажет. Алайда ондай қыруар қаржыны дәл қазір ешкім бермейді. Сондықтан ғимараттарды біртіндеп қалыпқа келтіру қарастырылғанын айтады.

Нариман Сыздықов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Биыл 4 обьектіге жөндеу жасайын деп жатырмыз. Емхана мен ауруханалар өз әрекетімен жыл сайынғы жөндеу жасап жатыр. Қазіргі уақытта Сандықтау ауданында жөндеу жұмыстарын бітіріп жатырмыз. Сосын Ақкөлде текущий ремонт басталып жатыр, және Біржан салда. Бұланды ауданында да капитальный ремонт бітіріп жатырмыз қазір.

Дәрігер тапшылығына сеп болып отырған жағдайлардың бірі де осы – материалдық-техникалық базаның нашарлығы. Дегенмен олқылықтың орнын толтыру үшін облыста жыл сайын медицина мамандығына бас-аяғы 300-ден астам грант бөлінеді екен. Одан қалды ауылды жерге жұмыс істеуге барған жас маманға 2 жарым млн теңгеге дейін бір реттік көмек беріледі. Жауаптылар осының бәрі алдағы жылдары өз нәтижесін беруі тиіс, - деп үміттеніп отыр. 

Авторлары: Дамир Берікұлы, Виктор Полянный