Алматы облысында балық шаруашылығына қолдау қажет

Балық еті қымбаттауының бірден-бір себебі еліміздегі өзен, көлдерде балық қоры күрт азайып кеткен. Сондықтан мемлекет тарапынан арнайы бағдарлама әзірленіп, тауарлы балық өсірушілерге үлкен қолдау көрсетіліп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда саланы алға бастырмай, кері тартатын жайттар да аз емес. Соның біріншісі, әрине, браконьерлік. Балқаш – Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары биыл 522 рейдтік шара ұйымдастырып, табиғат қорғау заңнамасы бұзылуының 255 дерегін анықтады.

Балқаш – Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мамандарының айтуынша, биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында заңсыз балық аулаған 74 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 15 қылмыстық іс сотқа жөнелтіліп, 6 адамға қатысты үкім шықты. Заң бұзушыларға 6 миллион теңгедей айыппұл салынған.

Ринат Кумашев, Балқаш Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары:

– 6 ай қорытындысы бойынша заң бұзушылардан мемлекет пайдасына 6 мың тоннаға жуық балық, 94 балық аулауға тыйым салынған аулау құралдары және 12 қайық тәркіленді. Балық ресурстарына келтірілген залал үшін 25 миллион теңгеден астам сомаға талап арыз берілді.

Базар аралаған жан сазан, амур, көксерке сияқты балық түрлерінің бағасы төрт түлік малдың етіне теңелгенін өте жақсы біледі. Жұртты «Ол неге күрт қымбаттап кетті?», – деген сауалдың мазалайтыны түсінікті. Жауап біреу. Соңғы жылдары еліміздегі балық қоры бірнеше есеге дейін азайды. Тығырықтан шығар жол – жабық және ашық тоғандарда тауарлы балық өсіру. Есіктегі ханбалық шаруашылығы өткен жылы уылдырықтан патшабалық шабағын өндірумен айналысатын зауытын күрделі жөндеуден өткізді. Онда жылына 10 миллион шабақ өндіріледі.

Мәрлен Тұрсынәлі, кәсіпкер:

Бұл жерде 4 адам ғана жұмыс жасайды. Былтырғы жылы толық күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі жағдайда өзінің қуаттылығымен жұмыс жасап жатыр. Негізгі бұл жердегі біздің міндетіміз – өзіміздің қазақстандық балық өсіру.

Президенттің тікелей тапсырмасымен Қазақстан 2030 жылға дейін 300 мың тоннадай тауарлы балық өндіріп, балық қорегін шығаратын 5 зауыт салуы тиіс. Бұл бағытта балық өсіру мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, жүзеге асып жатыр. Алайда маман тапшы. «Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті гранттық негізде балық шаруашылығы бакалаврларын даярлау ісін тоқтатты. Аталған саланы дамыту үшін біздің елімізге білімді, білікті мамандар қажет. Университет басшылығы мұны неге түсінбейді? – дейді кәсіпкер. 

Мәрлен Тұрсынәлі, кәсіпкер:

Қазақ ұлттық университетіндегі балық шаруашылығы бөлімінің жабылуы, мемлекеттен гранттың бөлінбеуі өте үлкен күрделі сұрақ болып тұр. Өйткені қазір маман жоқ болса, бұл мамандықтың әрі қарай дамуына өте ойланып қарауға болады. «Бұл мамандықтың біздің елімізде әлеуеті жоқ, дамымайды, бізге керек емес» деген мақсатпен жауып тастап отыр.

Мәрлен Тұрсынәлі Көлсай көлдері мен Нарынқолдағы тау өзендерінен жабайы ханбалық тұқымын аулап әкеліп, уылдырығынан шабақ өндіруде. Қазір олардың салмағы 2 граммға жетіп қалды. Алматы облысында тауарлы балық өсірумен айналысатын 30-ға жуық кәсіпорын бар. Олар өткен жылы 6 мың тоннадан астам балық тауарлы балық өндірді. Биыл бұл көлемді 8 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Алматы облысының аумағында балық шаруашылығына қатысты 12 жаңа инвестициялық жоба жүзеге асып жатқанын да айта кетейік.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев