Ақмола облысында 650 адамды кене шаққан

Ақмола облысында күн жылығалы бері 650-ден астам адамды кене шаққан.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда көп. Ал кене шаққандардың жартысына жуығы бала. Бұл дәрігерге жүгінгендері ғана.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, әсіресе Көкшетау қаласымен қатар Бурабай, Зеренді және Сандықтау аудандарында көп тіркелген. Қазір Сандықтау ауданында кенеге қарсы күрес жұмыстары жүргізіліп жатыр. Себебі аталған ауданда  бұрыннан кене көп. Қалған аудандарда да дезинфекция жасалып жатыр. 

Айнагүл Мусина, облыстың бас санитар дәрігері:

- Қазір алдын алу шараларын күшейту керек. Себебі осы тамыз айында кенелер тағы да көбейе бастайды. Ол үшін орманға барғанда теріңізге арнайы препараттарды жағып алыңыз. Ал үйге келген соң бүкіл денеңізді қарап шығыңыз. Кене көрсеңіз, оны өзіңіз емес, медициналық қызметкерлердің көмегімен алыңыз.