Қарқаралы ауданында жол сапасы Антикордың бақылауына алынды

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы қызметін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді. Ол жауап беретін жол дұрыс жөнделмей, бір жарым жыл өтпей жатып шұрық-тесік болған. Енді қылмыстық іс қозғалды.

Қарқаралыдан Қасым Аманжол ауылына дейінгі 30 шақырымдық жол учаскесі қазір қайта жөнделіп жатыр. Ал аудандық ТКШ басшысы 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ол лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді. 

Рүстам Танишпеков, "Әділдік жолы" ҚБ ҚОФ жетекшісі:

- "Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хат жолдап, бірлескен талдау жүргізген. Нәтижесінде аталған учаскенің жолының сапасы сын көтермейтіні іс жүзінде анықталды. Қазір оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып отыр.  

Аталған жолды ауыл тұрғындары 30 жыл күтті. Бірақ 1,5 жыл өтпестен шұрық-тесігі шықты. Сапасыз жолдың салдарынан көлік сынып, адам зардап шекті.  33 шақырым жолға 800 млн.нан астам қаржы бөлініпті. Жергілікті билік болса алдымен жолды қабылдап алып, артынша соттасып жүр.

Аслан Жақанов, Қасым Аманжол ауылының тұрғыны:

- Бұрынғы асфальтты қайта қопарып, астына қайта жайғызды. Соның үстінен алды да таптап мына асфальтты себе салды. Соның нәтижесі осыған келіп тұр ғой. 

Әділжан Арғынов, Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары:

- Мердігермен жасалған кепілдеме аясында сот шешімі бар. Соны орындау бойынша мердігер жұмыс бастауда. Техника тартылып, ондағы жол тегістеліп жатыр.

Еске салсақ, осыған дейінгі сюжетте шенеуніктер мердігер  қалпына келтіру жұмыстарын 1 маусымда бастаймыз  деген. Бірақ ол сағызша созылып, тек сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін басталыпты. Мердігерлер аталған жұмыс енді қыркүйектің біріне дейін аяқталады деп отыр.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зулпыхар