Шу ауданы Сауытбек ауылының халқы ауыз судан таршылық көріп отыр

Жамбыл облысы Шу ауданы  Сауытбек ауылының тұрғындары ауыз судан тапшылық көріп отыр. Тіршілік нәрі  белгілі бір уақытта ғана беріледі. Ескі  жүйенің істен шығуы жағдайды ушықтырып жіберген. Мәселе қалай шешілмек?

Жарты ғасыр бұрын пайдалануға берілген су жүйесінің әбден  тозығы жеткен. Салдарынан ауыл тұрғындары 10 жылдан бері суды тек кесте бойынша алады.  Оның өзінде кей жерде қысым өте төмен, су жүрмейді. 45 жылдан бері осы ауылда тұратын Гүлайым Смағұлова әсіресе қысқы мезгілде жағдайдың қиындайтынын айтады. 

Гүлайым Смағұлова, Сауытбек ауылының тұрғыны:

- Қыстың күндері, әсіресе судың құбырлары қатып, алыс жерлерден шелекпен, флягамен талай тасыған күндеріміз болды. 11-ден 5-ке дейін аққан күндері болды. Кейде судың азабы сол - свет өшкенде су тоқтап қалды. Мүлдем 2-3 күнде сусыз отырған кездеріміз болды.                     

Жақсығұл Диқанбаев, Сауытбек ауылының тұрғыны:

- Бұрынғы ескі мұнарадан ерте қосады, сағат 5 те өшетін. Енді мына жаңа құдығымыз іске қосылса круглая сутка болады. Соған қуанып жатырмыз. Барлық жерге, барлық үйге су кірейін деп тұр.

Сауытбек ауылындағы 120 отбасының қуанар сәті алыс емес. Өйткені қазір жаңа құбырлар жүргізіліп, құрылыс жұмыстары қарқын алған. 

Бағдат Есбергенов, Алға ауылдық округінің әкімі:

- Елдің бәрі суды тасып ішеді. Ол енді ескі құбыр болғаннан кейін апаттық жағдайлар жиі орын алады. Сондықтан халыққа толыққанды ауыз су жүргізу үшін биыл жаңадан осы нысанды аяқтап беру жоспарда.

Құны 194 миллион теңге болатын жоба жоспар бойынша келесі жылы аяқталуы керек еді. Бірақ мердігер мекеме құрылысты осы жылдың соңына дейін тапсырып,  үйлерді жаңа жүйеге  қосуды жоспарлап отыр. Ал келер жылы жол құрылысы басталмақ. Оған қоса биыл көше жарығы да реттелмек. Бүгінде Шу ауданындағы 35 ауылдың 24-і таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. 

Жадыра Халықов, Шу Аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Қазіргі уақытта 3 су құрылысы жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, Көктөбе ауылы, Сауытбек ауылы және Көкқайнар ауылы. 3 нысан да - өтпелі нысан. 2023-24 жылдарға. Қосымша республикалық бюджеттен Шу қаласы Қант заводы, Еңбекші, Ақтөбе үш ауылға қаражат қарастырылды. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу жұмысы жүргізіліп жатыр. 

2025 жылға дейін Шу ауданының тұрғындарын толықтай таза ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Асланбек Шығыр, Анастасия Сулейманова, Тимур Сейилхан, Руслан Ахатилла