Елімізде жалған сапа сертификаты бар тамақ өнімі көбейген

Жыл басынан бері сауда сөрелерінен 3 мыңға жуық қауіпті азық-түлік анықталды. Оның көбі импорттық өнім. Мамандардың айтуынша, жалған сертификат иеленген тамақ өнімдері нарықта еселене түскен.

Мәселенің екінші жағы - отандық лабораториялар да ескіріп, олардың жұмыс сапасы сын көтермейді.

«Халал» таңбалы шұжық құрамындағы шошқа еті немесе дүкен сөресінен үйге жетпей ашып кететін сүт. Тағам арасынан табылған бөгде заттар – талай қазақстандық тұтынушының ашуын туғызды. Бұл тауардың көбі біздің елде лабораториялық сынақтан өтпеген болуы мүмкін. Жалған шетелдік сертификатпен отандық сауда орнының сөресіне топ ету жиі кездеседі. Белгілі болғаны, сапа құжатын қолдан жасау әсте қиын емес екен.

Қайнар Тайжанов, "Ұлттық аккредиттеу орталығы" РМК бас директоры:

- Қазақстан аумағында Ресей, Қырғызстан сертификаттарының айналым үлесі кең. Егер ғаламтордан «жылдам сертификат алу» деп іздесеңіз, Ресей немесе Қырғызстанға сілтейтін көп жарнамаға кезігесіз. Тауарға тиісті зертханалық тексеру жүргізілді ме, оған күмәнім зор. Жергілікті заңды айналып өткісі келгендер осындай қулыққа барады. Ресейде тіркелген сертификатқа қарсы шығуға біздің органдардың қауқары жоқ.

Алайда кейбір отандық тауар өндірушілердің өзі өнімін отандық лабораторияларда тексерістен өткізуге асықпайды. Керісінше, көрші елдердегі алаяқтарға жүгінеді. Осындай 20 мыңнан астам өндіруші қырғыз елінен сертификат алуға ниеттенген. Сарапшылар бұл бассыздық тиісті жазаның жоқтығынан деп отыр.

Жаслан Айтмағанбетов, Республикалық тұтынушылар қауымдастығының төрағасы

- Бізде заң әлсіз. Бұл тұтынушылар құқығының бұзылуына әкеп, жалған құжатпен қоса санитарлық талап пен нормалардың сақталмауына әкеледі. Біз тұтынушы мүддесі үшін соттасқан кезде оның құқығы ақысын өтеп алу арқылы ғана қорғалады. Сату-сатып алу шартын бұзу 500 теңгенің тауарына қатысты болғанда оған ешкім бармайды. Әрине, 500 теңге үшін кім екі ай бойы сотқа сабылады?

Сарапшы пікірінше, бүгінде қазақстандық лабораториялардың халі мүшкіл. Кейбірінің лайықты деңгейде тексеру жүргізуге шамасы жоқ. Ұлттық аккредиттеу орталығының мамандары Қазақстандағы сынақ базаларының барлығы дерлік заманауи құрылғымен қамтылмағанын жасырмады. Жүздеген зертхана ескірген аппаратпен жұмыс істеуге мәжбүр.  

Жаслан Айтмағанбетов, Республикалық тұтынушылар қауымдастығының төрағасы:

- Зертханалар жұмысқа толыққанды дайын емес. Бірде лимонадты тексерістен өткізбек болғанда қиындық туындап, сараптама жасау үшін жекеменшік ұйымға жүгіндік. Олар нәтиже бойынша сараптама әзірлеп берді. Бұл саланың мәселесі шаш етектен деуге болады. 

Әрине саладағы олқылық небір айлакерлікке жол ашады. Нәтижесінде күмәнді лабораториялар жалған ұйғарым беруден тайынбайды. Жыл басынан бері осындай ондаған зертхана жұмысына тосқауыл қойылды. 

Қуаныш Елікбаев, ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары:

- Сәйкестікті бағалау рәсімі бұзылып, сапасыз сертификаттар берілген жағдайда бұл құжаттар кері қайтарып алынады. Одан кейін шешім аумақтық департаментке жіберіліп, шағым жасаушы орналасқан облыстардағы біздің мемлекеттік инспекторлар шара қабылдайды. Сертификаттау жөніндегі органға айыппұл  салынып, қызметі тоқтатылады.

Ережеге сәйкес, денсаулық сақтау министрлігі тәркілеуі тиіс әлгі сапасыз тауар дүкен сөресінен тұтынушыға дейінгі жолын жалғастыра береді. Оған тосқауыл қою үшін бюрократтық машақатты еңсеру оңай болмай тұр. Сарапшылар мәселені шешудің бір ғана жолын айтады. Ол сапасыз тауарды кері қайтару шығынын рұқсат берген зертханаға жүктеу. Себебі бір сертификат негізінде 100 мыңнан аса өнім нарыққа шығады.

Рухани Асқар, Динара Әбдірова, Диас Қобыланбаев