Алматы облысында иттердің өлексесін суға тастағандарды іздестіріп жатыр

Алматы облысында иттердің өлексесін суға тастағандар әлі іздестіріліп жатыр. Талғар қаласындағы каналдан қапқа салынған үй жануарларының өлексесі табылғаны туралы ақпарат тұрғындардың жағасын ұстатып отыр. Жергілікті әкімдік бақылауды күшейткенін айтады. Ал полиция әкімшілік іс қозғады.

Бірнеше шақырымдық каналдағы сумен бірге ағып келетін ағаш, тас және басқа да күл-қоқыс қойма алдындағы осы сүзгіге жиналады. Иттердің өлексесі салынған қаптар да осы жерге үйіліп қалған. Ішінде қарапайым иттермен қатар Алабай тұқымдарыда бар. Табиғатты қорғау полициясы Жануарларға қатыгездікпен қарау бабы бойынша әкімшілік іс қозғапты.

Ернар Сайдильдин, облыстық ПД баспасөз қызметінің басшысы:

- Полиция қызметкерлері дереу тексеру шараларын бастады. Аталған дерек бойынша материал өтініштерді есепке алу кітабында тіркелген. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары куәгерлерді және осы құқық бұзушылыққа қатысы бар адамдарды анықтау бойынша тексеру шараларын жүргізуде.

Қала әкімдігінің айтуынша, су қоймасы мен оған құйылатын канал «Талғар-ирригация» шаруашылығы мекемесінің балансында. Мұндағы су егіс алқаптарын суғару үшін пайдаланылады. Тұрғындардың арызынан кейін каналдан өлексе толы 15 қап шығарылған. Олардың бір уақытта тасталғаны немесе бірте-бірте жиналғаны әзірге белгісіз. 

Бақыт Күрішбеков, Талғар қаласының әкімі:

- Рейдтік жұмыстарды түн уақытында көбейттік. 13 тамыз күні осы жерге арнайы киімдермен жасақталған ветеринар қызметі мен әкімшіліктің арнайы техникаларымен келіп тазарту жұмыстарын толық жүргіздік. Қазір енді бақылау жүргізіп отырмыз күнделікті.

Полиция өкілінің айтуынша, қалдықтардың арасында басқа да жануарлардың сүйектері бар. Ит жеті қазынаның бірі дейміз. Соған қарамастан сонша жауыздық істеген кім екен деген заңды сұрақ талғарлықтарды да, өзгелерді де толғандырып отыр. 

Аршын Кемелжан, Нұрдәулет Жақсыбаев