Жезқазған қаласында 26 апатты үйді сүріп, жаңасын салмақ

Тұрғындарға нарықтағы бағамен өтемақы төленеді, немесе тура сондай баспана берілу қажет, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ өкінішке қарай, ренновация бағдарламасы тым баяу жүріп жатыр. Құрылысқа қаржы құюға құлықты инвестор жоқ. Ал өтемақы көлемімен тұрғындар келіспейді. Мәселенің мән-жайын аймақтағы тілшіміз Ардақ Асылханұлы анықтап көрді.

Апатты үйдің тұрғындары өтемақы алудан үзілді-кесілді бас тартып отыр. Себебі баспанасын тым арзан  бағалаған.  Ал Жезқазған облыс орталығы болғалы мұнда пәтер құны екі есеге шарықтап кетіпті.

Қымбат Досова, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Аз беріп жатыр, 4 миллион теңге. Оған бір бөлмелі үй сатып ала алмаймыз. Үйіміз екі комната. Балаларым айтып жатыр, қазір 10 миллион дейді 1 комната. 4 миллионға білмеймін, сарай да келмейді ғой.

Қазір қалада 26 апатты үй бар. Онда шамамен 269 отбасы тұрады. Олардың бәрін жаңа баспанаға көшіру үшін қысқа мерзімде бірнеше үй салу керек. Өкінішке қарай ол мүмкін болмай тұр. Әзірге тек екі үй ғана дайын. Бірақ тұрғындардың оған қоныстанғысы жоқ.

Вячеслав Вилимавичус, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Бізге теміржол вокзалының жанында салынған жаңа үйден пәтер ұсынып отыр. Бірақ біз келіспейміз. Орталықтан неге қаланың шетіне көшіп баруымыз керек. Ол маңайда өндіріс ошақтары орналасқан. Оның үстіне күндіз-түні поездың дауысы маза бермейді. Біз өз баспанамыздың орнында жаңа үй салынғанын қалаймыз.

Ескі үйді сүріп, орнына жаңасын салғанша тұрғындарды уақытша баспанамен қамту керек. Бағдарлама шартына сәйкес, ол жұмыс құрылысты қолға алатын инвестордың есебінен жүзеге асуы тиіс. Бірақ әзірге екі тарап ешқандай келісімге келмеген.

Алиса Сағымбаева, Жезқазған қалалық Тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:

Көшуге ренновация бағдарламасымен бәрі келісіп тұр. Біздегі қиыншылық қазіргі инвестор табылмай жатыр. Тек қана қазір «Самға» ғана нақты 4 үйдің тұрғындарымен келісім жасап, осы уақытта жұмыс жасап жатыр.

Салаға жауапты мамандардың мәліметінше, осы күнге дейін ренновация бағдарламасына қатысуға тек 3 компания ғана ниет білдірген. Алайда солардың арасында нақты жұмыс істеп жатқаны біреу. Қалған екеуі меморандумға қол қойғанмен, әлі күнге тұрғындармен кездесу де өткізбепті.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар