Тыңайтқыш неге тым қымбат?

Қазақстан аумағындағы егіс алқаптарын сапалы өңдеу үшін 2 жарым млн тоннадан астам тыңайтқыш қажет, дейді мамандар. Бірақ бұл көлемнің тек төрттен бір бөлігі ғана қамтылады екен. Сорақысы сол, тек шетелдік емес, отандық өнім де қымбаттап кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оразалы Кенжебековтің Шымкент іргесінде 2 гектар жері бар. Топырағы құнарлы. Ал оны игеру үшін тыңайту керек. Бірақ тыңайтқыш бағасы тым қымбат екенін білгенде оны сатып алудан бас тартқан.

Оразалы Кенжебеков, шаруа қожалығының басшысы:

- Биыл 12 жарым мың тг болды қабы. 4 жылдың ішінде 500 процентке қымбаттады тыңайтқыш. 1 гектарға 300 келіге дейін селитра керек. 6 қап керек. 6 қабың 75 мың тг болады. Бұл жерден ары кетсе 2 тонна бидай аласың. 2 тонна бидайың 262 мың тг болады. Анаған шығының 80 мың тг еккенге. 75 мың тг селитраң. Солярка мен еңбекақың бар. Сонымен өзіменен өзі болады. Минусқа кетесің.

Ақбар Мәуленов, Қазақстан фермерлер қауымдастығының атқарушы директоры:

- Кейбір қалталы фермерлер көбінесе шетелдік тыңайтқышты алады. Өйткені сапасы біздікіден жоғары. Біздікі енді арзандау. Екіншіден субсидияны есептегенде біздің отандық тыңайтқыш бағасымен есептейді. Соның 50 процентін төлейді. Яғни біздің тыңайтқыш 180 мың болса, шетелдікі 300 мың болса, 90 мың тг субсидия төленеді. 300 мың теңгенікіне қарамастан.

Бүгінгі таңда тыңайтқышқа жұмсалатын шығынның тең жартысын мемлекет субсидиялап келеді. Бұл мақсатта жыл сайын 30 млрд теңге бөлінеді. Бірақ мұндай көмектен тек ірі шаруа қожалықтары ғана үмітті.

Оразалы Кенжебеков, шаруа қожалығының басшысы:

- Субсидия біз ала алмаймыз. Бірінші себеп, бізде жер көлемі кішкентай. Субсидияны ірі шаруа қожалықтарына береді. Екіншіден, сен олардан ұрығын алуың керек. Содан кейін құжаттарың бәрі сай келуі керек. Құжаттың қиындығы - бір. Екіншіден ақылға сыйымсыз шарттар қойып тастаған. Мысалы субсидия алу үшін несиең болмауы керек.

Алдағы уақытта қандай да бір қаржылай қолдау болудың өзі екіталай. Өйткені Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялау саясатын қайта қарауы мүмкін. Тіпті қаржыландыруды тоқтатуы да ғажап емес.

Дамир Егізбаев, ҚР АШМ баспасөз хатшысы:

Субсидиялаудың жаңа жүйесі бойынша жұмыс тобы қызметін жалғастырып жатыр. Сондықтан бірнеше нұсқа бар. Қаржылай қолдауды қалдыруы да, алып тастауы да мүмкін. Әлбетте фермерлерді минералды тыңайтқышсыз қалдырсақ, жағдай күрделене түседі. Қазіргі жұмыс тобы дұрыс шешім қабылдайды деп ойлаймын.

Өкініштісі сол, отандық нарық импортқа тәуелді. Қымбатшылықтың басты себебі де осы. Өйткені елде тыңайтқыш өндіретін тек 2 ірі кәсіпорын бар. Олардың жалпы қуаттылығы - 800 мың тонна. Бұл көлем жеткіліксіз болғандықтан, жылына шамамен жарты млн тонна өнімді сырттан сатып алуға тура келеді. Негізгі импорт Ресейден жеткізіледі.

Лаура Өтемұратова, ҚР ИИДМ Индустриялық даму комитеті басқармасының басшысы:

Өзбекстаннан селитра импортталады. Еуропалық Одақ мемлекеттерінен кешенді тыңайтқыштар импортталады. Тыңайтқыштар бағасының өсуіне ең басты фактор ол сыртқы нарықтағы сұраныстың көбейіп, ұсыныстың азаюымен тікелей байланысты. Оның себебі сыртқы нарықта ресей және беларусь тыңайтқыштарының шығып кетуі. Азот тыңайтқыштарының баға құрамына тікелей табиғи газ бағасы әсер етеді.

Өндіріс көлемін арттырып қана түйткілді шешуге болады.  Ал ол үшін жаңа кәсіпорындар ашу қажет. Жамбыл облысында бірі салынып жатыр. Болашақ зауытта жылына 150 мың тонна минералды тыңайтқыш өндіру жоспарланған.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Рауль Ғабитов, Катерина Попкова, Асхат Қарақойшиев, Диас Қовланбаев