Шаруалар шағымы ескеріле ме?

Өткен жылдың көктем айында Успенка ауданының Константиновка ауылында тауарлы-балық шаруашылығы құрылып, жұмысын бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Содан бері бірнеше рет тұқымдық балық алынды. Осының арқасында көптеген  тоған-көлдерге жас шабақтар жіберілді. Балық тұқымын көбейту үшін шаруалар жасанды су қоймаларын жасады.   Алғашқы нәтижелері жаман емес. 

Анатолий Заяц, Тауарлы - балық шаруашылығы басшысының орынбасары:

- Біз алғашында ең көп таралған тұқы мен   сазан балықтарын   өсірдік. Міндетті түрде америкалық сомдарды әкелеміз. Бұл балықтың  өнімі мол болады. Өйткені тез өседі. Су қоймаларының  сапасына қарай алабалықты да  көрмекпіз.  Жалпы  балықтың барлық түрін өсіруге болады. Әсіресе майқан балығы көп  сұранысқа ие.

Қазір  инкубациялық цехтың құрылысы жүріп жатыр. Бұл дегеніміз, қыстың ортасында да шабақ алуға мүмкіндік болады.  Егер көктемге қалдырсақ ұсақ балықтар    өсіп жетілгенше көп уақыт кетеді дейді мамандар. Саланы дамытудың жоспары көп. Бірақ оны    жүзеге асыруға қолдау болмай  тұр.

Александр Веретенников, Тауарлы - балық  шаруашылығы басшысы: 

- Балық шаруалығы жеке қаражат есебінен даму үстінде. Өнімді сатып, тапқан табысымызды құрылысқа саламыз. Бір жылда екі тоған салып, 150 мыңдай тұқымдық балық жібердік. Ендігі жоспарымыз оны сату. Балықтандыруға байланысты тендерлер жоқтың қасы. Алған өнімді өткізу жағынан да қиындықтар бар.

Кәсіпкердің айтуынша    балық шаруашылығын өркендетуге аса көңіл бөлінбей жатыр.  Жүйелі бағдарлама да  жоқ.

Александр Веретенников,  Тауарлы - балық шаруашылығы басшысы:

- Арнайы бағдарламаның жоқтығынан балық шаруашылығы алға баспай тұр. Несие берілмейді. Екінші деңгейлі банкке, агрокредиттік корпорацияға барсақ бізге балық өсірушілерге бағдарлама жоқ деп кері қайтарады. Ешқандай несие алмаймыз.

Жалпы Павлодар облысында  шағын көл көп. Бұл шаруашылық   12 көлді жалға алған. Тауарлы балық өсірумен қатар аймақтағы өзен-көлдерді балықтандырумен де айналысып жатыр. Бір жылда 50 тоннадан 100 тоннаға дейін өнім алуға әлеуетіміз  жетеді дейді олар. Алдағы жоспарларының бірі тірі балық сататын дүкен ашу. Егер өнім өңдеу  цехы  іске қосылса ауыл тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындары пайда болады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат