Орталық Азия волонтерлер форумы өтті

Бурабайда Орталық Азия елдерінің волонтерлер форумы өтіп жатыр. Мұндай алқалы жиын Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

 Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мұрындық болған шараға еліміздің еріктілерінен бөлек, Тәжікстан мен Түркіменстаннан да делегаттар келді. Осылайша 200-ге жуық қатысушы саланы дамыту мәселелерін ортаға салды. Әрі бұл басқосу өзара тәжірибе алмасуға да мүмкіндік береді, - дейді, ұйымдастырушылар. Ал, форум бір аптаға созылады. Осы күндері дәл осындай жиын Түркістанда да өтіп жатыр. Ал, бірнеше күннен кейін барлық қатысушы елордаға жиналады. Айта кетейін, БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев, алдағы жылдардың бірін халықаралық волонтерлерді жұмылдыру жылы деп жариялау туралы бастама көтерген болатын. Жалпы соңғы уақытта елімізде волонтерлік ұйымдардың қатары 3 есеге артып, бүгінгі күні олардың саны 600-ден асты. Елде қазір 200 мыңнан астам тұрақты волонтер бар.

Мадияр Қожахмет, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрілігінің комитет төрағасы:

  • Еліміздің тәжірибесінде көрдік, ол жұмыстың қаншалықты қажет екенін. Ол пандемия көрсетті және басқа да табиғи және техногенді залалдар кезінде волонтерлардың көмектері үлкен рөл атқарды. Сондықтан бұл тәжірибені дүние жүзіне таратып, олардан басқа да жаңа жобалар алу үшін керек. Бұл форум осымен аяқталмайды. Келесі жылы да басқа да форумдар жоспарланады.

Мухайе Рахимова, волонтер /Тәжікстан/:

  • Біз негізінен патриоттық іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі қайырымдылық істерімен айналысамыз. Одан қалды жетімдер үйі мен балабақшаларға көмектесеміз. Ал, пандемия кезінде тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік тараттық. Форумнан күтеріміз көп. Ең бастысы мұндай жиындар тәжірибе алмасуға таптырмас мүмкіндік.