Елімізде мал дәрігері жетіспейді 

Кейінгі жылдары жастар ветеринарлыққа бет бұрғысы келмейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Себебі бұл физикалық төзімділікті талап ететін және жұмыс тәртібі қиын мамандық», – дейді ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Асқар Жақыпбаев. Елімізде мал дәрігерлері лайықты жалақымен де қамтылмай отыр. Ондағы орташа жалақы Павлодар облысында 206 мың, Қызылорда өңірінде 98 мың шамасында. Қазақстандағы мал дәрігерлерінің орташа жасы 40-55 жас шамасында. Жылына 5 мың маман даярланғанымен, оның 3-3 жарым мыңы ғана салада қызметін жалғастырады. Қазір ел бойынша 1800 ветеринарға сұраныс бар. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері ветеринария саласын дамыту үшін бірқатар заңнамалық өзгеріс қыркүйек айында Мәжілісте қаралатынын жеткізді.

Рүстем Құрманов, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі:

– Әр өңірдегі мал дәрігерлеріне артылатын жүктеме мен жалақы мөлшерін теңестіру үшін аграрлық университетпен бірлесіп есептеп жатырмыз. Мал басының санына қарай 1 ветеринардың нормативтік жүктемесін белгілейміз. Сараптама барысында біз бір ауданда мал көп болғанымен, ветеринар аз екенін анықтадық. Жүктемесі көп аймақта жалақы да тиісінше жоғары болу қажет.

Айта кетейік, Қазақстанда малға арналған вакцина тапшылығы жоқ. Алайда оны шетелден әкелу қымбатқа соға бастады. Сол себепті отандық өндіріспен қамту қажет. Ведомство өкілдерінің айтуынша, еліміздегі фармкомпаниялар малға арналған вакцина шығаруға дайын, тек заңнамалық түзетулер енгізу қажет.