Түркістан облысында жаңа спорт кешені ашылды

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында жасөспірімдерге арналған 520 орындық ғимарат «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы аудандық партия ұйымының жетекшісі, меценат Бексұлтан Абзал Ермаханұлының демеушілігімен аудан орталығы Мырзакентте бой көтерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа нысан «Ауыл» партиясының «Жаңа Қазақстанға – жаңа ауыл» жобасының аясында жүзеге асты. Жобаның негізгі мақсаты – ауыл жастарын спортқа баулып, салауатты өмір салтын насихаттау. Сондай-ақ кәсіпкерлер мен меценаттарды қоғамдық бастамалар мен ауылдағы әлеуметтік, спорттық инфрақұрылымдарды дамытуға шақыру. Спорт кешенінде ауыл балалары спорттың бес түрі бойынша жаттығады. Яғни бокс, дзюдо, таэквондо, қазақша және еркін күреспен шұғылданады. Мұнда жасөспірімдердің спортпен алаңсыз айналысуы үшін барлық жағдай жасалған. Спорт кешенінің ашылу салтанатына Парламент Сенатының депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев, партия атынан сайланған мәслихат депутаттары және спортшылар мен аудан тұрғындары қатысты.

Мұхаммед Әли Лесбек, оқушы:

Біз бұрын кішкентай залда күресетін едік. Барлығы тар болатын. Қазір ағаларымыз үлкен спорт кешенін салып берді. Енді осында Алла бұйрса, чемпион боламыз деген ниеттеміз.

Әли Бектаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы:

– "Жаңа Қазақстан» деген сөз – барлығымыздың жаңа көзқарасымыз деген сөз. Жалпы еліміздің дамуына, мемлекетіміздің құрылуына, өсіп-өнуіне, халқымыздың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына әрқайсымыз еңбек сіңіруіміз керек. Бұл тек қана мемлекеттік органдар немесе Үкімет қана емес, әрбір азамат, әрбір қоғамдық ұйым, саяси ұйыматсалысуы керек деп ойлаймын.