Абай қаласында балалар ойнайтын алаң жоқ – Қарағанды облысы

Қараусыз қалған ғимарат, құбырлар мен қоқыс жәшіктері балалардың ермегіне айналды. Қарағанды облысы Абай қаласындағы бірнеше көпқабатты үйде ойын алаңы жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қауіпті жерде құлап, мертіккен бүлдіршіндер көп дейді тұрғындар. Ата-аналар жергілікті биліктен ауланы жабдықтап беруді сұрап отыр. Бүлдіршіндердің жай-күйін ата-аналары әлеуметтік желіге жүктемесе, орталық үйлердің алаңына ешкімнің назары түспейтіндей. Екі бірдей бес қабатты үйде бала қарасы көп. Салдарынан олар күнұзаққа осылай ойнап амалдауға мәжбүр. Құлап, мертіккендері де бар.

Сара Ақылдекова, Абай қаласының тұрғыны:

Мына бала, мінекей ,бізде 3-подъезде тұрады. Бұл бала құлап қалды ана жерден. Содан қолы сынып, көпке дейін гипспен жүрді.

Бүлдіршіндерді өзге аула тұрғындары ойын алаңдарына кіргізбейді екен. Ал өздерінде жоқ болғандықтан, олар үйден алыстап, ойнайтын жер іздеп кетеді. Салдарынан ата-ана да жанын шүберекке түйіп отырады.

Гүлден Үйсінбаева, Абай қаласының тұрғыны:

Осы жыл балалар жылы болып есептеледі. Бірақ балаларға былай қарасақ, Абай қаласында ештеңе жасап жатқан жоқ. Осы жаққа көшіп келгелі осында балалар алаңы мүлде жоқ. Өте керек. Өйткені балалар бізде не жолға шығып, не ағашқа шығып, не төбеде жүреді, өте қауіпті.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

– Мына екі бірдей үйдің дәл алдындағы ғимарат тұрғындардың қорқынышына айналды. Өйткені қараусыз қалғанына 20 жылдан асыпты. Сәл ғана қар түссе болды балалар осы үй маңына не төбесіне шығып, секіріп ойнайды екен. Дәл қазірдің өзінде кірпіші босап, қасынан өтетін адамдарға қауіп төніп тұрғанын байқауға болады. Ата-аналар болса, балалардың бірі мертігіп, не мерт бола ма деп алаңдайды.

Ал жауаптылар болса, қазір жобалық-сметалық құжат жасалғанын, келер жылы бұл жер адам танымастай өзгеретінін айтып сендіріп отыр.

Қанатбек Дәулетов, Абай қаласы әкімінің орынбасары:

– Келесі жылы сол сметалық жобаға сай абаттандыру жұмыстарын жүргіземіз. Абаттандыру жұмысы бойынша балалар алаңдары, спорттық алаңдар, толық қамтылатын болады сол аулалар.

Атап өткен жөн, қазір аталған жобаға қанша қаржы бөлінгені белгісіз. Белгілісі қаражат жергілікті бюджеттен қарастырылады. Ал алаңдарда әдеттегі балалар ойнайтын жерден өзге жарықтандыру, жолдарды жөндеу, футбол алаңы сондай-ақ демалыс бағы болады деп жоспарланған. Іс жүзінде қалай болары белгісіз.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар