Ақтөбе облысындағы Шалқар көлінің табаны тазартылып жатыр

Шалқар көлінде биыл су деңгейі үш есе көтерілген. Ақтөбе облысындағы экологиясы нашар аудан тұрғындары үшін бұл қуанышты жаңалық. Жағасын қамыс пен қоға басып, табаны лайға толған суқойма былтырдан бері тазартылып жатыр. Бірнеше жылға жоспарланған жоба алғашқы нәтижесін берді. 

Шалқар көлінің ең терең тұсы биыл 4 жарым метрге жеткен. Жергілікті халық үшін бұл айтарлықтай қуаныш. Себебі суы тартылып, жағасын төрт-түлік жайлап алған көлді бұған дейін жаяу кешіп өтуге болатын. Арнаулы техника түсіп тазартуға кіріскен кезде ең терең жері бір жарым метр шамасында болған. Былтыр республикалық бюджеттен 3 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, түбіне тұнған қоқыс пен балдыр-қоға қалдықтарынан арылту жұмысы басталды. 

Рашид Сламбеков, мердігер мекеменің өндірістік директоры:

- Проект жасаған кезде судың деңгейі мына жерде болған. Былтыр құрғақ болған кезде судың деңгейі мына жерге дейін. Мына ашық түспен көрсетілген жерге дейін су азайып кетті. Земснарядтар бұл жерде жұмыс істей алмай қалды да бұл жердің барлығын біз механическим способом  тазаладық. Сүйтіп, мына 1,2,3,4-карталарға орналастырдық. Қазір біздің тұрған жеріміз мына жерде. 6, 7, 8-картаға мына екі земснаряд осы жерден тазалап қара балшығын сонда біз көлдің толық бүкіл айдыны бойынша табанын тазалап шығамыз.

Бір ғасырдан астам уақыт бұрын бөгеліп, қолдан жасалған көл бұған дейін тазартылмаған. Салдарынан 25 млн текше метрлік су қоймасы тартылып су көлемі 7-8 млн-ға дейін азайыпты. Балдыр басып, жаз ортасына жетпей су сасып кететін. Жағасын тазартып, лайын шығарған соң балық шаруашылығымен айналысуды көздейтіндер де табылды. Тіпті тұқы балықтарын айтпағанда дөңмаңдай мен ақ амур сияқты өңірге таңсық түрлерін де өсіруді жоспарлап отыр.   

Жанболат Жидеханов, Шалқар ауданының әкімі:

- Балық шаруашылығымен қазіргі күні бір азаматымыз айналысып отыр. Оны біз уақытша келісімшартпенен көлді қарап отыруды, балық жіберуді бердік.  Қазіргі күні кішкене шабақтарын бір жерді дайындап, соған салып отыр осы күні. Сосын өзі уақытында, мерзімі бар, сол кездерде осы көлге шабақтарын жіберіп отырады.

Көлемі артып, гидрохимиялық құрамы оңала бастаған көл суын 9 шаруа қожалығы пайдаланып отыр. Барлығы да бау-бақша өсіруді кәсіп еткен. Дегенмен бұл бірінші кезекте экологиялық ахуалы ақсап тұрған Шалқар қаласы тұрғындары үшін көптен күткен қуаныш боп тұр. 

Елубай Төлепберген, Шалқар қаласының тұрғыны:

- Көлдің табаны суға толмаса, оның бетіне сор пайда болады. Желден сор ұшады. Ал сор жұрттың демалуына, тыныс алуына, жалпы мына аурудың таралуына  көп септігі тиеді. Тыныс алу жолдарының ауруына байланысты. Сондықтан бізге көлдің суы толып тұрса, ол демалуға да жақсы, бау-бақша егуге, балық өндіріс дамытуға мұның көп пайдасы бар. 

Шалқар көлінен 3 млн текше метр лай шығарылуы тиіс. Табанынан қазылып алынған шым қаланы көгалдандыруға қолданылады. Ал топырақты тұрғындар қуаңшылықтан пайда болған сорды көмуге тасып беруді өтінген. Мердігер мекеме бұл жұмыстардың барлығын келер жылдың жазына дейін тәмамдаймыз деп отыр. 

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков