Жамбыл облысының Абай ауылында жеті зейнеткер ел алғысына бөленіп келеді

Жамбыл облысының Абай ауылында жеті зейнеткер елдің алғысына бөленіп келеді. Оларды жерлестері «жеті қазына» деп те құрметтейді. Өйткені зейнеткерлер үнемі қайырымдылықпен айналысып, мұқтаж жандардың тұрмысын тіктеуіне қол ұшын созып жүр.

Әр салада жемісті еңбек еткен жандар қазір бейнетінің зейнетін көріп отыр. Мұқтаж жандарға қол ұшын созып, жәрдемдесіп жүрген зейнеткерлерге ауылдың алғысы да зор. Қайырымдылық акциясын ұйымдастыруды қолға алған 82 жастағы Шымшық Мәдәлиева 10 баланың анасы. Ол өзі секілді жылы жүректі жандардың басын қосып, осы істі бастаған. 

Шымшық Мәдәлиева, Абай ауылының тұрғыны:

- Үй алып берді, анау-мынау деген дақпырт тарайды ғой. Содан менің баламмен бірге оқыған осы ауылдың қызы, 11 баласы бар. Үйі жоқ. Содан кейін балам айтты: жартсын мен төлейін, көмектесейік. Соған үй алып берейік. Үйтіп-бүйтіп, Құдайдан жетсін деп, оған да үкіметтің соққан үй алып бердік. 

Күлән Анарбаева, Абай ауылының тұрғыны:

- Қарты бардың қазынасы бар деген. Біз алдымызда Шымшық әпкеміздің алдымызда жүргеніне тәуба қыламыз. Ол кісі бізді шақырады да мына жерде мынадай боп жатыр екен, не істейміз десе, жинала қоямыз. 7 адамбыз. Жағдайымыз керемет болмаса да ұйымнан қалмаймыз. Әпкенің айтқанын орындаймыз. Өйткені ол кісі тура айтады.

Қайырымдылықпен айналысып жүрген зейнеткерлердің демеушілері өздерінің балалары, сондай-ақ жергілікті азаматтар. Олар көп балалы отбасыларға қол ұшын созып, баспана мәселесін де шешіп берген. Мысалы көрші ауылда тұратын Әсем Дүйсенбиеваның осыдан 2 жыл бұрын үйі өртеніп кетіпті. Үш баласымен далада қалған мұғалімге де қайырымды зейнеткерлер жәрдемдескен.

Әсем Дүйсенбиева, Балуан шолақ ауылының тұрғыны:

- Ойламаған жерден үйсіз қалдық үш баламен. Жолдасыммен. Өте ауыр болды. Осы ауылға үлкен рахмет айтқым келеді. Әсіресе, ақсақалдарға, апаларға. Сол кісілердің ұйымдастыруымен, көп түкірсе көл болады, деп ауыл тұрғындары әр қайсысы өз үлесін қосып, еңсесі биік тыныш үй сыйлады. 

Жеті зейнеткер енді аз қамтылған отбасылардың балаларын мектепке дайындамақ. Қажетті құралдарын, киімдерін сатып алып беруді жоспарлап отыр. Олар қиындық көрген жандардың бәріне көмектесуге әзір.

Асланбек Шығыр, Анастасия Сулейманова, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатилла