Алматыда дизель тапшылығы сезіле бастады

Алматылық автокөлік иелері дизель тапшылығын сезіне бастады.

Тұрғындардың айтуынша, дизельдік жанармай тек талонмен ғана құйылады. Ал талон табудың өзі қиын. Оны әдетте жанармай құю бекеттерімен алдын-ала келісім жасайтын мекемелер мен компаниялар сатып алады.

БЛИЦ:

- Менің мопедім дизельмен жүреді. Дизель іздеп қаланы шарлап, 5 жанармай құю бекетіне бардым.

- Екі жетіден бері керекті дизельді құя алмай жүрмін. Мына жанар-жағармай құю бекетіне күнде келемін. Олар ертең болады деп айтады. Алайда бүгін де жоқ.

Қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы болса қалада дизель тапшылығы жоқ деп мәлімдеді. Ал кейбір жанармай құю бекеттеріндегі қалыптасқан кезек өзге өңірлерден жүк көліктерінің келуіне байланысты болған.

Қанат Сағындықов, қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар  басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазіргі уақытта қала әкімдігі Энергетика министрлігімен бірлесіп Алматыны дизельдік отынмен қамтамасыз ету жұмысын атқарып жатыр. Жанармайды көтерме сауда арқылы берушілермен және Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясымен өнімді жеткізуде ешқандай кедергілердің болмауы үшін мәселені назарға алдық. Дизель  тапшылығы жоқ.