Депутаттар әскерден босатылады

Биыл елімізде 34 мыңға жуық жас әскерге аттанады. Жоспар - солай. Өткен жылмен салыстырғанда сарбаздар саны екі жарым мыңға артыпты. Осыдан ба, әйтеуір «әскерге қинап алып кетті» дегенді жиі естейтін болдық. Шекара шебінен шығып жатқан жағымсыз жаңалықтар да көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы әскерге шақырылушылар саны ондағы бос орынмен есептеледі. Мәселен, 2020 жылы 33 997 жас қолына қару ұстаса, былтыр бұл сан сәл азайып, 32 мың 64 адам шекараға аттанды. Ал биыл әскерге шақырылушылар саны тағы өсті. Дәл қазір әскери бөлімдерге 34668 жас қажет.

2020 – 33 997 жас әскерге аттанды

2021– 32 064 жас әскерге аттанды

2022 – 34 668 жас әскерге аттанады деп жоспарлануда

Талап күшейді, сұраныс артты. Тиісінше, межені орындау үшін жастарды әскерге апарудың түрлі айла-тәсілдері пайда болды. «Әскерден босатып аламын» деп жарнамасын жарқыратқан заңгерлер де шықты. Әйтеуір осы тақырыптың төңірегі талас-тартыс, аласапыранға айналды.

Жазира Асанова,  ҚР ҚК БШ Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің аға офицері:

- Әскери қызметтен босату немесе оны өткеруден кейінге қалдыру әскерге шақыру комиссиясының шешімімен жүзеге асырылады. Оларға оқуын жалғастыру үшін, денсаулық жағдайына байланысты, отбасылық жағдайына байланысты азаматтар жатады. Әскерге шақырылушының мерзімін кейінге қалдыру мемлекеттік қызмет. Ол егов арқылы жүзеге асады. Егер де шақырылушы азаматты босатуға негіздеме болса,  5 күннің ішінде ала алады, бұл қызметті

Одан бөлек, әскерден кәсіби қызмет ететін педагогтар, ауылдағы дәрігерлер, Парламент немесе мәслихат депуттары, ұшқыштар мен кеме экипажының мүшелері және құқық қорғау органдарының білім ұйымдарында алғашқы кәсіби білім алып жатқан азаматтар босатылады.

Әскерден босатылады:

Депутаттар

Педагогтер

Ауылдық жерлердегі дәрігерлер

Кеме және әуе экипажының мүшелері

Құқық қорғау органдарының тәрбиеленушілері

Сарапшы Ернұр Есімұлының пікірінше, еліміздің идеологиясы әлсіз. Әскердегі ахуал да мәз емес. Түптің түбінде, шекара шебінің жастарға тигізіп жатқан пайдасы аз.

Ернұр Есімұлы, сарапшы:

- Әскердің пайдасы болу керек кез келген жасқа. Өйткені оған өмір сүру керек, әскерден кейін, нан табу керек деген сияқты ғой. Құр патриотизменғ құр идеологиямен өмір сүру қиын. Совет үкіметі кезінде әскерге барып келгеен азаматтардың жұмыс табу мүмкіндігі жоғары болатын. Ал қазіргі таңда керісінше, өйткені қазіргі қолданып жүрген әскери техника, қару-жарақ заман талабына сай келмейді.

Иә, түйіні тарқамай тұрған бұл мәселені мәмілемен шешу керек. Әстпесе, күштеп Отан қорғаудың арты неге әкеп соғатыны белгісіз.

Авторы:Бекзат Аманов