Алматы облысындағы туристік мекендердің инфрақұрылымы жақсарып келеді

Шарын әлемдегі ең танымал 26 шатқалдың бірі. Мұнда келетін шетелдік туристердің саны өткен жылға қарағанда көп. Саяхатышлар мыңдаған жылдар бойы түзілген шатқалдың табиғатына тамсана қарайды.

Антонио Янос, мексикалық саяхатшы:
- Мен Қазақстан табиғатының Орталық Азия мемлекеттерінен айырмашылығы жоқ деп ойлағам. Енді қателескенімді түсіндім. Табиғаты көркем, халқы қонақжай, қалалары заманауи. Мен бір күнде Швейцарияға, Сахараға және Америкаға барғандай күй кештім. Бір аймақта үш түрлі табиғат көрінісі орналасқан.

Флориан Махео, франциялық саяхатшы:
- Біз көбінесе экотуризмді жоғары бағалаймыз. Сондықтан маған осы жер қатты ұнады. Сіздер табиғи парктерді жақсы сақтағансыздар. Жабайы табиғаттың аясында тұрмыз. Тек фонтан мен орындықтар ғана қаланың бақтарын елестетеді. Францияда мұндай шатқал болса әртүрлі дүкендер ашып, сауданың ортасына айналар еді.

Бірнеше жыл бұрын шатқалда туристер үшін жайлы орта болмаған. Санитарлық жағдай, ұялы байланыс жоқ еді. Қазір осылардың барлығы бар. Сондай-ақ ауа райы станциясы орнатылған. Барлық бағыттарда ақпараттық тақтайшалар қойылып, демалатын орындар жасақталған.

Бақыт Оразымбетова, гид-экскурсовод:
- Бұрын Шарынға апаратын 10 шақырымдық жол кедір-бұдыр болатын. Қазір саяхатшылар үшін барлық инфрақұрылым жасалған. Қалаған бағыттағы жол сапалы, демалысқа қажеттінің бәрі қарастырылған.

Ұлттық парктегі инфрақұрылымды жасақтауға «QAZAQ GEOGRAPHY» республикалық қоғамдық бірлестігі қолдау көрсетіп отырады екен.

Айжан Молдыбаева, «Qazaq Geography» РҚБ менеджері:
- Біздің жоспарымыз бойынша мұнда инфрақұрылымдық қажеттіліктерден өзге де жұмыстар жасалады. Мысалы, туристердің демалуына, түнеуіне арналған экологиялық шатырлар орнатылады. Алтын Емелде арнайы орындар жасақталған.

Оған қоса Шарын мен Алтын Емелге жақын жерден туристік орталық салу жоспарда. Саяхатшылар сол жерге аялдап, бағыттарын бағамдап, түнейтін шатырлар мен қажетті құрылғыларды жалға алады. Айта кетейік, жыл басынан бері елімізге 200 мың турист келген. Оның көбі Алматы облысына саяхаттаған.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон