Құрық порты еркін экономикалық аймақтар тізіміне енуі мүмкін – Маңғыстау облысы

Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барған сенаторлар су айлағының тыныс-тіршілігімен танысып, Құрық ауылының халқымен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиында Қарақия ауданының ірі елді мекендерін қосатын тас жолдың жайы мен жұмыссыздық мәселесі көтерілді. Құрық порты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жүк тасымалы көлемін 2,5 есеге арттырған. Су айлағында 153 адам еңбек етеді. Көпшілігі Қарақия ауданында тұрады. Таяуда паром кешені құрылысын кеңейту жұмыстары басталуы тиіс. Сәйкесінше, 20-ға тарта жұмыс орны ашылады. «Келешек еркін экономикалық аймақтар тізіміне енсек, жергілікті жерде жұмыссыздықпен күреске барынша күш саламыз», – дейді порт басшылығы.

Серікбай Тұрымов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Сенатқа тірелетін кейбір мәселелер, біздің Комитетіміз – қаржы және бюджет Комитеті. Ақтау портын және осы Құрық портын еркін экономикалық аймаққа енгізу жөнінде министрліктермен біраз жұмыстарды жасаған. Яғни барлық тиісті құжаттарын берді. Мұны Үкімет қарап жатыр. Бізде Парламент деңгейінде әрі қарай еркін аймаққа енгізу жөнінде ұсыныстарымызды беріп, бір бағыттан көмектесуге жұмыстарды жасаймыз. Порттың мүмкіндігі өте жоғары, теміржолы, барлық инфрақұрылымы келіп тұр.

Серік Ахметов, «Құрық порты» серіктестігінің бас директоры:

– Порттың еркін экономикалық аймаққа ену қажеттігін көпшілік жақсы түсінеді деп ойлаймыз. Бұл су айлағының әлеуетін арттыру үшін инвесторлар тартуға мүмкіндік береді. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Биыл 7 айда Құрық порты арқылы 1 млн 111 мың тонна әртүрлі жүк тасымалданды. Былтыр осы кезеңдегі көрсеткіш 460 мың тонна болған. Сондай-ақ жыл басынан бері 11 мыңға жуық жүк көлігі ауыстырып тиелді. 

Қарақия ауданы халқының саны 38 мыңнан асады. Соңғы кезде тұрғындардың әкімдікті жағалауы үйреншікті көрініске айналды. Қойылатын талап бір – барлығы мұнай саласына тұрғысы келеді. Бұл ретте қолданыстағы алгоритмге сәйкес мұнай өндіруші және сервистік қызмет көрсететін мекемелерге 100-ден астам адам кіреді деп айтылды. Көпшілік ұзындығы 64 шақырымдық Құрық – Жетібай тас жолы қашан жөнделерін де сұрады. Сенаторлардың сөзінше, бұл жобаға қазынадан 11 млрд теңге бөлінген. 

Бақтыбай Шелпеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Аз ақша емес. Негізі 14 млрдтай болған. Жолдың мәселесіне маңыздылығы тағы бар. Ақшасы шешіліп тұр. 24-ке қарай, 23-тің аяғында бітіреміз деген жауабын алдық. Баяғыда ертедегі тәртіппен салынған жол. Қазір жол салу тәртібі өзгерді. Сондықтан жаңа жол деп есептеуге болады.

Талғат Исламұлы, тілші:

– Құрық – Жетібай жолының жөнделуін тұрғындар 15 жыл күтті. Бұл жолды халықаралық көлік дәлізі деуге болады. Өйткені Құрық портына келетін транзиттік жүктер дәл осы бағытта Ресей мен Өзбекстанға тасымалданады. Егер жүк көліктері Ақтауды айналмай, Жетібайдан Құрыққа тікелей қатынайтын болса, 120 шақырымды үнемдейді.

Тәуелсіздік жылдары алғаш рет төселе бастаған жолдың алғашқы 5 шақырымы биыл күрделі жөндеуден өтуі тиіс. Оған 1,4 млрд теңге жұмсалады. Қазір құрылыс басында 70-ке жуық жұмысшы жүр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев