Теміртаудағы үйде болған жарылыс себебі тексеріліп жатыр

Теміртау қаласында көп қабатты үйде болған жарылыстың салдарын үш бірдей жауапты ұйым тексеріп жатыр.

Алдын ала қорытынды екі күннен кейін, тамыздың 20-сында белгілі болады. Оған дейін тұрғындар үйлерінде тұра алмайды, олардың кейбірі туыстарына, ал енді бірі қонақ үйлерге жайғастырылған. 80 пәтерде 155 адам тұрған. Оның ішінде 12-сі қарт адамдар болса, 15-і он сегіз жасқа дейінгі бала. Еске салсақ, тамыздың 16-сы күні Теміртау қаласындағы көпқабатты үйде орталықтандырылған газ құбыры жарылып, үшінші және төртінші қабат арасындағы қабырға қираған болатын. Салдарынан үш бірдей пәтер бүлінді. Абырой болғанда, тұрғындар дін аман. Тек жарылыс болған үй иесі әлі ауруханада. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр.