«Жер аманаты» комиссиясы Ақмола облысындағы 60 мың гектар жерді мемлекетке қайтарды

«Жер аманаты» комиссиясы Ақмола облысындағы 60 мың гектар жайылымды мемлекет меншігіне қайтарды. Жер учаскелерін ауыл тұрғындары мал жаю және шөп шабу үшін пайдаланатын болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруды тапсырған болатын. "Amanat" партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен меморандум жасалғанын айтты. Соған сәйкес, шаруалар 333 мың гектар жерді бұдан былай ауыл тұрғындарымен бірлесіп пайдаланады.

 Ғалым Байтоқ, «Жер аманаты» комиссиясының мүшесі:

- Ақмола облысының тұрғындары үшін жайылым жердің жетіспеушілігі өте өзекті мәселе. Сондықтан комиссия мүшелері мұнда белсенді жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттік органдармен және ірі меншік иелерімен бірлесіп қабылдаған шешімдердің орындалу барысына мониторинг жүргізуді жалғастырамыз.

Асылхан Тастеміров, Атбасар ауданының тұрғыны:

- Елді мекенге бекітілген 6 мың гектар жайылым аздық етіп отыр. Ауылда 200-ге жуық үй бар. Тұрғындардың барлығы дерлік мал шаруашылығымен айналысады. Ауыл халқы ірі қара, жылқы өсіріп жан бағып отыр. Жайылым мәселесі өте өзекті. Комиссия осы мәселені шешуге көмектеседі деп үміттенеміз. 

"Жер аманаты" комиссиясының мүшелері Сандықтау ауданында жер мәселесі бойынша азаматтарды қабылдады. Тұрғындар тарапынан айтылған барлық мәселе партиялық бақылауға алынды. Айта кеткен жөн, кейінгі бірнеше ай ішінде комиссия мүшелері Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарында болды. Жалпы, "Жер аманаты" комиссиясының көмегімен 350 мың гектардан астам жер мемлекеттік меншікке қайтарылған.