Соңғы 2 жылда жұмыссыз қалғаны үшін әлеуметтік төлем алушылар саны бір жарым есеге артқан

Жәнел Жанғазинаның мамандығы есепші. Еңбек өтілі 7 жыл. Алайда осыдан 1 ай бұрын жұмысынан шығып қалған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жас маман уақытын жоғалтпастан бірден жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгініпті. Сайт арқылы тіркеліп, мемлекеттік жәрдемақы ала бастаған.  

Жәнел Жанғазина, қала тұрғыны:

 - Жұмыссыз қалғаныма 1 ай болды. Жұмыс іздеп еңбек кз сайтына кірген едім. Сол жерде өтініш қалдырдым. Маған телефоныма смс келді жәрдемақы алуыңызға рұқсат па деп. Сонымен 1 ай болды жәрдемақы алдым. Маған өтініштер келіп тұрады. Бірақ жалақысы тым аз Сондықтан қарастырып жатқан жоқпын.

Жәнел сынды жұмысынан айырылған азаматтар әлеуметтік қолдауға ие бола алады. Бірақ ол үшін жұмыс беруші мемлекеттік сақтандыру қорына аударымдар төлеп отыруы тиіс. Жәрдемақы еңбек өтіліне қарай 1 айдан – жарты жылға дейін тағайындалады. Бірақ кемінде 6 ай жұмыс істеуіңіз керек. Сонда кейінгі 2 жылдағы орташа жалақының 40 пайызын аласыз.

Гүлбағила Болатбекова, МӘСҚ Әлеуметпен байланыс департаментінің директоры:

 - Бұл жерде айта кету керек егер азамат 60 айдан көбірек жұмыс істеген болса онда коэффицент қолданылады. Онда одан да көбірек қосылады. Ал егер еңбек өтілі азырақ болса мысалы 2-3 жыл ол жерде де коэффиценттер төменірек болады. Неғұрлым сіз жұмыссыз ретінде ертерек тіркелсеңіз сіздің әлеуметтік төлеміңіздің мөлшері де көбірек болады. Себебі соңғы 2-3 айда сіз жұмыстан шығып қалдыңыз да бірақ бізге құжаттарыңыз түспеді. Ол 2-3 айда сіздің жалақыңыз болмады. 2 жылдағы орташа айлығыңыз аз болады деген сөз.

Әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себебіне қарамастан тағайындалады.

Статистикаға сүйенсек, кейінгі 2 жылда тиісті жәрдемақы алушылардың саны 1,5 есеге артқан. Ал биыл жарты жылдың өзінде 60 мыңға жуық азаматқа берілді. Бұл мақсатқа мемлекеттік сақтандыру қорынан 8 млрд теңге жұмсалған.

Назерке Әбдірахманқызы, тілші:

 - Әлеуметтік төлем алу үшін үйден шықпай-ақ еnbek.kz сайтына кірсеңіз жеткілікті. Мұнда жұмыссыз ретінде тіркелсеңіз болды, сізге 6 күннің ішінде жәрдемақы тағайындалады. Сосын жұмыспен қамту орталығы сіздің мамандығыңызға сай ұсыныстарды жолдайды. Қажет болса, қайта даярлықтан өтуге де болады. Бастысы оқу тегін. 

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Асхат Қаракойшиев

Сондай-ақ...