Балабақшада бос орын бар ма?

Елордада мемлекеттік балабақшаға бос орындарды бөлу аяқталды. Ал көпбалалы ана Салтанат Жұмалиева үйінің жанында тұрған мемлекеттік мекемеге баласын орналастыра алмай әлек. Оның айтуынша, бар орын бір күнде толған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені арнайы санаттағылар бірінші кезекте жолдама алады.

Салтанат Жұмалиева, қала тұрғыны:

 - Биыл мен балама садикке орын ала алмадым. екі үш жас аралығында менің балам. 29-ы күні 6 шы айда орын ашылу керек, 1-не дейін. 29-ы күні барлық орында бір күнде беріп қойды. Қалған күндерге 30-на 1-не ешқандай орын қалған жоқ. Ортақ кезекке келгенде мүлде орын қалған жоқ.

Мемлекеттік балабақшаға орындар Индиго кз сайтында жарияланады. Ең алдымен жолдамаға үмітті сегіз жеңілдік санаты болған. Биылдан бастап бұл тізім арта түсті. Алдымен мұғалімдер мен әскери қызметшілерге басымдық беріледі. Ары қарай тізімді құқық қорғау органдары жалғайды. Содан қалған орындар қарапайым халыққа үлестіріледі. Биыл елордада бірде-бір мемлекеттік балабақша салынбаған.

Азиза Шужеева,  қоғам белсендісі:

- 145 мемлекеттік балабақшада – 31 мың балаға орын бар. 317 жекеменшік мектепке дейінгі мекемедегі тәрбиеленушілердің саны 20 мыңнан асады. Бір топта 25 бала болу керек. Алайда мемлекеттік мекемелерде бала саны 4 мыңға артық. Яғни шамадан тыс жүктеме бар. Жаңа құрылыс салынып жатқан жоқ. Болашақта мемлекеттік балабақшаға бүлдіршінді орналастыру қиын болады.

Елімізде 483 мың бүлдіршін балабақшадан үмітті. Ал кезек баяу жүріп жатыр. Ал баласын жекеменшік мекемеге беруге әр тұрғынның қалтасы көтермейді. Мәселен, елордада баға 60 мың теңгеден басталады. Бірақ қалалық білім басқармасы өкілдерінің есебі басқа. 

Олжас Қайырдосов, қалалық Білім басқармасының бас маманы:

- Жекеменшік балабақшалардың төлемақысы ата-аналар төлейтін 20800 теңге. Мемлекеттік балабақшаларда 16800. Айырмашылық 4 мың теңге.

 - 80-90 мың қазір жекелерде баға.

Соңғы екі жылда елімізде 2 млн-ға жуық сәби дүниеге келген. Қуанарлығы, жыл сайын бала туу көрсеткіші артып келеді. Сондықтан болашақта балабақшаға сұраныс артпаса кемімейді.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Ержан Рахманбердиев