Маңғыстау облысында жол сапасы қашан түзеледі?

2,6 млрд теңге бөлінген жол 2020 жылы қолданысқа берілуі тиіс болған. Алайда «Шайыр-Шерқала мекені» арасымен ғана автокөлік жүре алады. «Жыңғылды-Шайыр» учаскесінде жол қайта құрылымдаудан өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Таяуда мемлекеттік мекеме инженерлері барып, құрылыстың қаншалықты сапалы жүріп жатқанына тексеру жүргізген. Нәтижесі көңіл көншітпейді. 

Гүлзира Керімбаева, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК инженері:

- Тексеру жасалды. 24 керн алынды тығыздығын анықтауға. Соның 20-сының тығыздық коэфиценті нормативтік құжаттар талабына сәйкес келмейтіні анықталды. Тапсырыс берушіге хат жолданды.

Тапсырыс беруші - Маңғыстау облысы бойынша жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы. Мердігер компанияға барлық ақауды жоюға уақыт берілген. Кейін тағы рейд жасалып, тексеру қорытындысы бірден мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жолданады.

«Шетпе-Қызан» тас жолын қайта құрылымдау жұмыстары.

Ал мына асфальт жол Маңғыстау ауданына қарасты Шетпе-Қызан ауылдарын қосады. Қазір трассаның 49-85 шақырымы, яғни «Тасмұрын-Мәстек» учаскесі қайта құрылымдаудан өтіп жатыр. Құрылыс сапасы биыл 4 рет тексерілген. Шындығына келгенде, 4 жыл бұрын жөнделген жолдың қазіргі күйі сын көтермейді. Кейбір бөлігі ойылып та қалған. 

Орал Шалабаев, ауыл тұрғыны:

- Сапасыз ешқандай. Жол бұзылып жатыр. Мына беттегі жолы әрі дұрыс жүріп жатқан жоқ, қалай екенін білмеймін. ПГС жоқ дейді, тағы бірдеңесі жоқ дейді. қазіргі грейдер жолымыз жүруге Жарамсыз.

Бекмұрат Сейсенов, мердігер мекеме басшысы:

- Жол тапсырылған жоқ. Бірақ асфальті бітіп тұрғаннан кейін облыстық және жергілікті әкімшіліктің, халықтың өтініші бойынша 2019 жылдан бері пайдалануға берілді. Содан бастап көліктер жүріп жатыр. Былтырдан бастап жол үстінде осындай дефектілер пайда болды. 2 жылға дейін кепілдік мерзімі бар. Соған дейін дефектілерді қалпына келтіріп береміз.

Мекеме компания басшысы жолдың кем-кетігін бір ай ішінде түзетуге уәде беріп отыр. Жалпы аймақта жыл басынан бері жергілікті жолдарда 58 рет тексеру жасалған. 600-ден астам сынама алынған. Соның 106-сы талаптарға сәйкес келмей шықты. Сондай-ақ 22 әртүрлі ақау табылған.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев