Бір тамшы қан анализі арқылы аурудың алдын алуға болады

Ғалым кез келген адамның иммундық жүйесі арқылы ағзасы ауруға қаншалықты қауқарлы екенін анықтап беретінін айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қан талдауларының қорытындысымен адам ағзасындағы созылмалы ауруды анықтайды. Арнайы, өте күрделі өңдеу арқылы белгілі бір адамның иммундық жүйесі жайлы ақпарат алынып, қорытынды шығарылады. Әрі  бойында қандай жасырын инфекция барын айқындап береді.

Нұрлыбек Үдербаев, дәрігер-хирург:

- Адамның ағзасын ауруға қауқарлы етерлік ем-дом жасауға мүмкіндігіміз бар. Бізде әдетте қатерлі ісіктің соңғы сатысындағы науқастар келіп емделеді. Жапония, Оңтүстік Корея, Израиль, Германияда қомақты қаражатқа қаралса де, бізге келетіндер бар. Солардың кейбірін емдеп алып жатырмыз. Адам ағзасында белгілі бір қор болса, оны жетілдіріп, ағзаны қорғай алатындай дәрежеге жеткізуге болады.

Жүйе авторлары онкологиялық науқастардың жай-күйін зерттей келе адамның иммундық жүйесінің жағдайын анықтауды үйренгендерін айтады. Ғалым бұл жүйені патенттеп, авторлық құқықты да алған. Тіпті осы арқылы адамның биологиялық портретін жасап, өз денесінің толық есебін біле алатын арнайы сайт та ашып қойған. Ғалымның әріптестері инновациялық жүйенің әбден жетілгенін айтады. Әзірге тек елордада бір ғана клиникада жұмыс істеп тұр. Ал, оны еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауруханаларына енгізу үшін қомақты қаражат қажет. Алайда Үкіметтен қолдау болмапты. 

Игорь Паномарев, онколог дәрігер:

- Қазір біз сол жүйені одан ары жетілдіріп, толыққанды іске қостық. Оның игілігін бүкіл қазақстандық көрсе дейміз. Сол арқылы патологиялық кемшіліктері болса алдын ала ем ала алады. Бұл күрделі онкология немесе инфарктқа айналып кетпес үшін таптырмас емдік жүйе. 

Шәрбат Балманова ғалымның тың жүйесімен емделу үшін Ақтөбеден арнайы келіпті. Дерті - сүт безі обырының екінші сатысы. Химиялық терапиядан кейін әлсіреп қалғанын айтады. Ал, бұл орталыққа келгелі жағдайы едәуір жақсарған. Қатерлі дертті жеңетініне сенімді.

Шәрбат Балманова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Осы кісіге келіп ем алып жатырмын. Ақтөбеден қандай болып келіп ем. Екі апта болды ем алып жатырмын. Өте жақсы. Бұл кісі енді алатын химиямыз жеңіл болады деп дайындап жатыр.

Бұл бірегей технологияны Қазақстанның бүкіл аймағына таратуға болады дейді ғалым. Тек Үкіметтен қолдау болса дейді. Тіпті, санаулы күннің ішінде 18 миллион адамның иммундық жүйесін анықтап алуға болатынын айтады.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Жандос Битабаров