Қазақстанда 5G биыл қолжетімді болады

2019 жылдан бері кеңінен игеріліп келе жатқан 5G технологиясы оның алдындағы 4G-мен салыстырғанда 100 есе жылдам жұмыс істейді. Бүгінде оның төңірегінде қызу талқылаулар әлі жалғасып келеді. Біреулер байланыстың бұл түрі адам денсаулығы үшін аса қауіпті дегенді алға тартады. Енді басқалары оның көмегімен цифрлық экономиканы жаңа деңгейге көтеруге ниетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Спидтест жаһандық индексінің мәліметіне, сәйкес, интернет жылдамдығы бойынша әлемде бірінші орында Біріккен Араб Әмірліктері тұр. Алғашқы бестікке Катар, Оңтүстік Корея, Норвегия мен Кувейт кіреді. Қазақстан бұл тізімде 83-орында. Елімізде 5 джи технологиясы пилоттық режимде 2019 жылы іске қосылған. Алайда қазақстандықтар үшін ол жыл соңына таман ғана қолжетімді болады. Ең алдымен оны Нұр-Сұлтан және Алматы тұрғындары қолдана алады. Өзге қалаларда байланыстың бұл түрі тек 2025 жылға таман ғана іске қосылуға тиіс. 

Шавкат Сабиров, Қазақстанның интернет қауымдастығының басшысы:

5G туралы бізде баяғыдан бері айтылып келеді. Жаңалықтарда да ол туралы жазып жатыр. Әуелде оны 2020 жылы іске қосамыз деді. Сосын бұл 2021 жылға шегерілді. Ақыр аяғында биылға қалды. 5G технологиясы міндетті түрде Қазақстанның 16 қаласында ендіріледі деген идеяны мен 2021 жылы естігем. Қазір 2022 жыл. Сондықтан ештеңені дөп басып айтуға болмайды. Адамдар қазір шаруасының көбін телефон арқылы тындырады. 5G ендірілгенде, мәлімет беруге қатысты еш қиындық туындамайды. Файлды қысудың қажеті болмайды.