Елімізде астық дақылдарының селекциясы ақсап тұр

Оған себеп бұл саланы қолдау төмен. Астық тұқымдарын тәжірибеден өткізіп, зерттеумен айналысатын маман қат. Құрал-жабдықтар ескі. Соған қарамастан қазақстандық селекционерлер шетелдік әріптестерімен бәсекеге түсуге тырысып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қостанай облысындағы Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибелік станциясы астықты өңірдің бірі. Мынау 100 гектар алқап ашық аспан астындағы астық зертханасы десе болады. Мұнда 8 мың арпа, 7 мың бидайдың жаңа түрлері егіліп, табиғи жағдайда зерттеліп жатыр. Жалпы бидайдың жаңа тұқымының түрін алу үшін кемі бес-алты жыл керек екен.

Отыз жылдан астам астық селекциясымен айналысып келе жатқан Владимир Чудинов осы аралықта бидайдың бес жаңа тұқымын шығарған екен. Соның ішінде ең танымалы қазір кең қолданылатын «Айна» деп аталатын тұқым. Бірақ оның да уақыты өтеді. Ал отандық жаңа тұқым түрін шығаруға қол байлау болып отырған кедергілер аз емес. Соның бірі елімізде генетикалық қордың жоқтығы.

Владимир Чудинов, селекционер-ғалым:

Қазақстан бойынша жеке ұлттық генетикалық банк жоқ. Жаңа тұқым түрін шығаруға қажетті материал таппай зар боласың. Әлемнің әр жерінен жиналған астық тұқымдарының коллекциясы мысалы, Ресейде бар. Бірақ олардан алу үшін мемлекет аралық келісім қажет.

 

Астық селекциясын қаржыландыру жағы көңіл көншітпейді. Мемлекеттік бағдарлама небары үш жылға есептелген. Ал жаңа тұқым түрін шығару үшін кемі 5-6 жыл керек. Сондықтан бөлінген қаржы жұмыс ауқымының жартысын да өтемейді.

Дәмір Қалдыбаев, Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибелік станциясының директоры:

Өткен үш жылға бізге 26 миллион тенге берілді. Бұл қажетті көлемнің үштен бірі ғана. Биыл селекцияға 75 миллион тенге қаралып отыр. Қаржыландырудағы осындай бейберекетсіздік  мамандардың жігерін құм етіп, жастарды тартуға кері әсер етеді.

Қарабалық ауылшараушылық тәжірибелік станциясындағы ғалым селекционерлердің барлығы егде жастағылар. Біздің ісімізді кім жалғастырады? Отандық астық селекциясының болашағы не болмақ? Қазір мұндағы мамандарды негізнен осы жайт алаңдатады.

Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг