Бас қалада жастарға арналған республикалық IT-хакатон өтеді

Биыл күзде  елордада өтетін жалпы республикалық IT-хакатонға еліміздің жастары қатысады. Байқау IT саласындағы барлық өңірлерді қамтитын алғашқы жоба болмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірдегі іріктеуден өткен үздік жобалар елордадағы ақтық сын сыналады. Бүгін «AMANAT» партиясының жастар қанаты мен «Astana Hub» IT-стартаптар Халықаралық технопаркінің арасында ынтымақтастық туралы екіжақты меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында бұдан бөлек жастарға арналған сапалы цифрлық білім беру бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. Оның мақсаты – жас IT мамандарын қолдау.

Нұржан Жетпісбаев, «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы:

– Негізгі мақсаты - әрине IT саласындағы жастардың дамуына, біліктіліктерін арттыруына жаңа білім көздерін ашып, сол жерден білімді сусындатуға мүммкіндік беру. Бұл, әрине, біздің алтыншы съезімізде Мемлекет басшысының білім бағыты бойынша білім принципін, жаңа білім көздерін игеру бойынша айтылған бағытына сәйкес келетін жобалардың бірі.