Отардағы «АрМИ-2022»: еліміз артиллериялық атыстан үздік атанды

Жамбыл облысы Отар 40 әскери базасында "АрМИ-2022" халықаралық әскери ойындары өтіп жатыр. Тоғыз елден келген сарбаздар "артиллериялық атыс шеберлері" сайысында бақ сынауда. Үш кезеңнен тұратын жарыстың алғашқы екі кезеңіндегі қорытынды бойынша отандастарымыз үздіктер қатарында.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Ұңғысы 120 миллиметрлік минамет тиелген әскери техниканы тақымдаған отандастарымыз Әзербайжан мен Зимбабведен кейін үшінші болып жарыс жолына шықты. Екі айналымдағы төрт түрлі Кедергіден сәтті өтіп, екі шақырым жердегі радиусы 15 метрлік шеңберді дәл көздеді. Айта кетейік, отандастарымыз артиллериялық атыс шеберлері сайысына алтыншы рет қатысып отыр.

Қорытынды эстафеталық сайыста екі командаға бөлінген сарбаздарымыз автоматпен және граната атқышпен де тапсырманы мүлткісіз орындады. Халықаралық сынға қатысушылар әр өңірден іріктеліп, ақтық мәреге бір ай дайындалған. Сарбаздар алғашқы екі кезеңде жекелей бақ сынады. Жарыста жерлестеріміз топ жарып, одан кейінгі түнгі спринтте екінші орынға табан тіреді.

Ерсұлтан Тұрысбек, механик-жүргізуші:

- Ешқандай кедергілерде, ешқандай оқыс оқиға болмауына ҚР командасы әрқашанда дайын. ҚР бірінші орын алуына әрбір әскери қызметшілер үлес қосуда. Біздің кедергілерден өтуіміз қанша қиын күннің ыстығына қарамай жақсы өтуде, жақсы нәтиже көрсетуде.

Артиллериялық атыс шеберлері сайысына Қырғызстан, Әзірбайжан, Зимбабве, Армения, Венесуела, Ресей, Тәжікстан, Беларусь мемлекеттерінен және елімізден 9 команда қатысты. Жалпы саны 200-ден аса сарбаз жарыс жолында. Бүгін эстафеталық сайыстың соңғы күні.

Тілек Серікбаев, ҚР ҚК Құрлық әскерлері оңтүстік өңірлік қолбасшысының орынбасары:

- Барлық командалар, барлық топтар жақсы нәтижемен осы мәреге келіп отыр. Оның ішінде көрсетуге болады, ол Әзірбайжан елінің командасы, Ресей федерациясы командасы, Қырғыз елінің командасы нәтижесі жаман емес. Беларусь елдері де жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Биыл да жеңіске жетеміз, деп сенімдіміз. Өйткені, дайындықтары өте жоғары.  

Айта кетейік, "АрМИ-2022" әскери ойындары осымен сегізінші рет ұйымдастырылды. Отандастарымыз соңғы бес жыл қатарынан топ жарып келеді. Брондалған техниканы тізгіндеп, нысананы мүлт жібермеген сарбаздарымыздың алтыншы жеңісі де алыс емес.

Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев

Сондай-ақ...