Қосшы қаласында оқушы орны тапшы – Ақмола облысы

Елорда іргесінде орналасқан Қосшы қаласында мектепке орын жетіспейді. Шаһарда 1836 орынға арналған 3 мектеп бар. Бірақ бұл білім ұяларында 7 мыңға жуық бала үш ауысымда оқып жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселе тек келер жылы шешімін таппақ. Ол үшін 2 мектеп бюджеттік қаражат есебінен және тағы бір білім беру мекемесі жеке инвестиция тарту арқылы салынып жатыр. Құрылыс барысымен бүгін Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов танысып қайтты. Вице-премьердің мәлімдеуінше, жалпы елдегі апаттық және 3 ауысымдық мектептердің проблемасы 2025 жылға қарай толық шешілмек.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

– Бүкіл Қазақстан бойынша әрбір мектепке балалардың келетін санына байланысты бір стандарт болатын болады. Бұрын енді ол үлкен мәселе болды. Әрбір облыс өздері жасап отырды. Бір жаңағы ПСД өзін әрбір облыстарда әр түрлі болатын болса, бұның бәрі түбінде, бір жағынан қаржыны да үнемдеуге әкелу керек, бірақ ол жерде үлкен мәселе уақыты мектептерді салуға туындап кетеді. Неге десеңіздер, оның бәрі конкурс, ұзақ уақытты алады. Арасында көптеген түсініспеушілік сұрақтар жүреді. Сондықтан бүкіл Қазақстан бойынша бір стандарт жасап, міндеттеме ретінде облыстарға жібереміз.