Елімізде ақылы түрде киік атуға рұқсат берілуі мүмкін

Елімізде ақылы түрде киік атуға рұқсат берілуі мүмкін

Қазақстанда ақылы түрде киікті атуға рұқсат берілуі мүмкін.

Бұл жөнінде журналистерге экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты. Осылайша ведомство шаруалардың егістік алқаптарына шығын әкелген ақ бөкендердің популяциясын ретке келтірмек ойда. Министрлік бұған дейінде сайын даланың еркелерін атуға ұсыныс тастаған болатын. Қоғам тарапынан наразылық тудырған шешімге Президенттің өзі қарсы шығып, министрге сөгіс жариялаған еді. Енді қазір ведомство мәселені шешудің бірнеше жолын қарастырып жатыр. Оның ішінде киіктерді басқа жерлерге көшіру мен қасқырлардың популяциясын арттыру да көзделіп отыр. Ақ бөкендердің миграциясы жануарлардың жаппай қырылуына алып келеді деген қауіп те басым екен. Ал көкжалдардың санын арттыру – бірден өз жемісін бере қоймайды – дейді министр. Тағы бір ұсыныс – ол шаруалардың жерін сақтандыру.

Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Қазір сақтандыру компаниялары тарапынан белгілі бір түсіністік бар. Бұл бағытта әлі жұмыстар қарастырылып жатыр. Ал дау көтерген батысқазақстандық шаруалар тарапынан арыз-шағымдар азайды. Өйткені киік үнемі көшіп-қонып жүретін жануар болғандықтан, олар өзге аймақтарға кетіп қалған.Сондықтан еш мәселе туындап отырған жоқ. Енді келер жылы ақылы түрде спорттық аңшылық ұйымдастыру жайын қарастырып отырмыз. Киік қызыл кітапқа енбеген. Бізде оны атуға тек 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін тыйым салынған. Барлық сұрақтар жіті қаралып, қазан айының соңында нақты шешімге келеміз.