«Amanat» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауларының аймақтарға сапары жалғасып жатыр

Партия мүшелері Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарына барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қабылдауға бір күнде 60-қа жуық азамат келіп, 4 шалғай елді мекен қамтылды. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының тұрғындары партия өкілдеріне ауызсу, жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру, жұмыссыздық мәселелерін ашып айтты. Атырау облысына қарасты Исатай ауданындағы қабылдауға келген тұрғындар да бірқатар проблемасын жеткізді. Әсіресе, ауылдарды абаттандыру, жол жөндеу және әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын жандандыру мәселесі өзекті болып тұр.

Әлия Садырбаева,  Республикалық Қоғамдық қабылдау бөлмесінің басшысы:

- Бірінші кезең 14 наурыз бен 14 маусым аралығында өтті. Екінші кезең кезінде 131 ауылдық округте болып, мыңға жуық адам қабылдадық. Мәселелердің 25% дер кезінде оң шешімін тапса, қалғандары бақылауға алынады.

Бағила Ибрагимова,  зейнеткер:

- Мен «AMANAT» партиясына ауыл тұрғындарының атынан келдім. Біздің ауыл арқылы өтетін Атырау-Астрахань тас жолын қайта жөндеуден өтуіне байланысты малға арналған өткел қажет. Оған лайықты орын да дайын. Алайда, бізді толғандырған мәселенің аяқсыз қалмай, бақылауда болғанын қалаймыз.