Ақтау көшелері қоқысқа толып барады

Қала неге қоқыстан тазаланбайды деген тұрғындар тарапынан шағым көп. Олардың сөзінше, бүгінде туристік қаланың көркі әбден кеткен. Ал мұндай сынға коммуналдық мекеме өкілдерінің өз айтары бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар халық қоқысты шығару қызметінің ақысын төлемей отыр дейді.

Естеріңізге сала кетейік, осы мәселе бойынша қала әкімі Нұрдәулет Қилыбай сөгіс алған еді. Ақтаудағы шағын ауданның біріндегі көріністі қала тұрғыны түсіріп, әлеуметтік желіге жариялады. Оның айтуынша, күнде қалдық үйіліп, айналасы шашылып жатады. Шаһар жаңарудың орнына ластанып барады. Әлеуметтік желіде де осыған ұқсас шағым көп. Сондықтан қаланы аралап, қазіргі жағдайды тұрғындардан сұрап білдік.

Әділет Пірімқұлов, коммуналдық мекеме басшысы:

Мекемеміз жабылудың алдында тұр. Қаладағы тариф арзан. Адам басына 250 тг. Оны 450 теңгеге көтеруді қалалық әкімдікке ұсындық. Себебі басқа өңірлерде 350 теңге мен 550 теңге аралығында. Техника бөлшектері шет мемлекеттен келеді, дизелдік отын да қымбаттады. Тарифті көтеруден басқа амал жоқ. 20-дан астам техникамыз бар. Алдағы уақытта қала үлкейгендіктен, қосымша тағы техника алуды жоспарлап отырмыз. 

Демек қала тұрғындарының төрттен бірі қоқыс шығару қызметіне қарыз. Оның үстіне коммуналдық мекемелермен мүлдем шарт жасаспаған жандар да бар. Қазіргі таңда олардың үстінен сотқа арыз берілді. 

Жанболат Жақып, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

197 үйдің тұрмыстық қатты қалдықты шығарушы мекемелермен тек 135-і ғана отырған. Сол себепті, қоқыс жәшіктері орнатылмаған. Көшенің бойына шыққан қалдықты тастауда. Шаралар қолданылуда. Полиция басқармасымен бірлесіп, рейдтік жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Тұрғындар есіктерін ашпайды. Қаланың санитарлық тазалығымен айналысатын мердігер мекеме бар, мердігер мекеменің күшімен шағын аудандарды тазалау жұмыстарын тегін жүргізіп жүрдік. Шығындары өтеусіз қалып жатыр. Қазір тек келісімшартқа отыруды көздеп отырмыз. 

Осылайша, әкімдік өкілдері көшеге қоқыс тастағандарға айыппұл салуды жоспарлап отыр. Ал тариф бойынша қыркүйекте төлемді көтеру көзделген. Сонда ғана коммуналдық қызмет сапасы жақсарады деп сендірді мамандар. 

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев