Нұр-Сұлтанда сирек жасалатын операция сәтті өтті

Екі жыл бұрын қос бүйрегі істен шыққан Шолпан Құдайбергенованың қазіргі күйі осындай. Екінші баласын дүниеге әкелгенде бүйрегі сыр берген еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Коронавирус жұқтырғалы жағдайы тым нашарлап кеткен. Жасы 36-дан енді асқан келіншекке туыстарының арасынан қан тобы сәйкес келетін адам табылмаған. Амал жоқ, шет елден те донор іздеп көрді. Сөйтіп жүргенде, отандық дәрігерлерден жақсы хабар алды. Қан тобы бөлек болса да, Шолпанның ағасына донор болуға мүмкіндік туды.

Шолпан Құдайбергенова, науқас:

- Операциядан кейін ертеңінде өзімді басқаша сезіне бастадым. Ішкі сезімім, состоянием мүлде өзгеріп кетті до и после сияқты. Анализдерім, барлығы орнына келді. Тамаша болып тұр.

Шолпан Құдайбергенова, науқас:

- Ағаммен типирование жасатқанымызда 6/6 болып, ол ең жоғарғы сәйкестік типирование бойынша 100 пайыз почти, клеткалармен. Бір жылдай дайындалып, қазір антитела 0 болып тұр. Шетелден іздемей, біздің дәрігерлеріміз өте профессионалдар. Адамгершілік жағынан да өте жоғары. Мен ризамын соларға.

Руслан Тілеуімбетов, донор

- Өзімнің туған қарындасым болған соң, бір бүйрегімді бердім. Осы дәрігерлерге рахмет. Көбісі қорқады бір бүйрекпен өмір сүру қиын деп. Ондай түгі де жоқ. Бір бүйрекпен толық деңгейде өмір сүруге болады.

Көп жағдайда жақын туыстардың қан тобы сәйкес келе бермейді. Бірақ, уақыт оздыруға болмайды. Елде 3200 адам бүйрек донорын күтіп отыр.  Қазір 5 науқас ағзаларды сәйкестендіру процесінен өтіп жатыр. Сәтін салса, қыркүйекте соның біріне тағы трансплантация жасалады.

Саиткарим Абдуғафаров, дәрігер-трансплантолог:

-Хирургиялық техниканы айтатын болсақ, кәдімгі қан тобы сәйкес келетін трансплантациямен ешқандай айырмашылығы жоқ. Тек қана операцияға дейін біраз дайындау керек қан тобы сәйкес келмейтін науқастарды.  

Мэлс Асықпаев, ҰҒОО Трансплантация секторының жетекшісі:

-Бұл жерде 50-ге жуық дәрігер қатысады. Донор мен реципиенттің сәйкестігін тексереді. Бәрін тиянақты тексеріп отыруымыз керек. Оған трансфузиология орталығы көмектесті. Лаборатория жағынан. Хирургияға келетін болсақ, 10 шақты дәрігер қатысады. Бұл жерде анестизиолог-реанимотологтардың да жұмыстары ауыр.

Орталықта жыл сайын 170 туыстық ағза алмастыру операциясы жасалады. Қан тобы сәйкес келмейтін донорлар көбейсе, көрсеткіштің еселенері хақ.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

-Елде жыл сайын ағза алмастыруға мұқтаж 300-дей адам бақилық болады. Өкінішке қарай, қан тобы сәйкес келмейтін азаматтар арасында да донор болуға мүмкіндік барын көпшілік біле бермейді. Бүгінде 3500-ден аса азамат күту парағында тұр. Олардың арасында балалар да бар. Мамандар саланы дамытуға мүмкіндік мол екенін айтады. Ол үшін мәйіттік донацияға көңіл бөлу керек.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ерзат Зайытхан.