Атырау облысына Өзбекстаннан бір топ педиатр келді

Тәжірибелі мамандар аутизм мен сал ауруына шалдыққан балаларды қабылдайды. Сондай-ақ туа бітті басқа да дерті бар бүлдіршіндердің ата-анасына дәрігерлік кеңес береді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Білікті дәрігерлерді «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы шақырды. Себебі мұнайлы өңірде балалар арасында түрлі ауру көбейіп кеткен. Көбін ата-анасы шетелге апарып емдете алмайды. Осыны ескерген отандық компания дәрігерлерді арнайы алдыртты. Жастайынан тағдыр тәлкегіне ұшыраған мына сәбилерді көргенде жүрек шыдамасы анық. Елімізде балалар дәрігерінің жетіспеушілігі салдарынан оларды ата-аналары Өзбекстанға апарып жүрген. Науқасты алып жүру азабы өз алдына, жол шығыны жанұя үшін айтарлықтай ауырлық әкелетіні жасырын емес,-дейді ата аналар.

Алмагүл Нұрлыбаева, қала тұрғыны:

Ташкентке бара алмай жүрген қанша адам бар. Негізінде осылай келіп тұрғандары жақсы, бізге. Ол жаққа барудың өзіне 700-800 мың теңге ақша кетеді. Ол біреуде болады, біреуде жоқ. Жағдайына байланысты, сондықтан сіздерге айтарым осылай келіп тұрғандарын қалаймыз.

Ташкенттік дәрігерлердің ішінде облыста жоқ балалар гинекологы, балалар урологы, эндокринолог, эпилептолог секілді мамандар бар. Олар 1 апта бойы Атырауда жұмыс істейді. Науқас балалар осы клиникада тексеріліп, ата-аналары білікті мамандардан кеңес алады.

Қуандық Кәлидуллин, «Ембімұнайгаз» АҚ департаментінің директоры:

– Енді облыс аумағын қамту мүмкін емес. Сондықтан компания тарапынан дәрігерлерді, Ташкенттен білікті мамандарды Атырау қаласына әкеліп, осы жерден аудандардағы, қаладағы ата-аналарға қолайлы жағдай жасауды ұйғардық. Бүгінгі күні 600-ден астам бала өз көмегін алып жатыр.

Бүгінде Атырау облысы бойынша түрлі ауыр сырқатқа шалдыққан 3 мыңнан астам сәби тіркеуде тұр. Олардың ата-аналары қолдарынан келгенше перзентіне шипа іздеп жүр. Ембілік мұнайшылар бастаған қайырымдылық шарасы алдағы уақытта да жалғасын табады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев