Дизель дауы: өңірлер бойынша жағдай қалай?

Жанар-жағармай құю бекеттерінде дизель бұдан былай құжатпен беріледі. Мұнай өнімінің литрі өңірлерде 230-260 теңге аралығында сатылады. Жалпы қазір елде жанармай жеткілікті. Мұны энергетика министрі айтты. Олай болса, сұйық отын тапшылығы неден туындағанын арна тілшілері зерттеп көрді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры емес, дизель боп тұр. «Батыс Қазақстанда жанармай құю стансасында шетелдік азаматтар отынды бөшкелеп әкетіп жатыр». Дәл осылай деп тұрғындар әлеуметтік желіге видео жүктеген. Жұрт шектеудің сақталмай жатқанына налыған. Қазір мына көріністің мән жайы анықталып жатыр. Жалпы облыста 131 жанармай стансасы бар. Мұның бәрінде дизель мен АИ-92 маркалы бензиннің небәрі үшкүндік қоры қалған.

Миржан Нұртазиев, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:

Арыз қабылданды «102» телефоны арқылы. Қазіргі уақытта сол арыз деген бәсекелестікті қорғау департаментіне жолданды. Солар бойынша тексеріс жүргізіледі. Автозаправка желілерінің заявкасы бойынша 1800 тоннадай заявка тұр әлі. Жолда келе жатқан тағы да 500 тоннадай. Тапшылық бар, бірақ күнделікті заправкаларда лимит бар. Ішкі лимит орнатылған. Адам қолына 100 л, бір жағармай стансасында 50 л, бір жағармай стансасында 30 л қойып жатыр өздерінің запасына байланысты.

Павлодарда да осы дау. Жергілікті компания Өзбекстан мен Тәжікстанға бензин өткізбек болған. Тексеру барысында 10 вагон цистернаға жағармай құйылғаны анықталған. Мұны экономикалық тергеу департаментінің жетекшісі жеткізді. Қазір мұнай өнімдері шетелге заңсыз кетпеуі үшін тексеріс күшейтілді.

Арман Жүнісов, экономикалық тергеу департаментінің жетекшісі:

– Біз ол вагондарды тексерген кезде ол вагонның ішінде қоспа емес бензин болып шыққан. Ол фирмаға қатысты басшысына екі қылмыстық іс қозғалды. Біреуі контрабанда бойынша, екіншісі документтерді жалған ретінде құжаттармен бензин шығару бойынша екі іс қозғалды. Қазір сарамтама өтіп жатыр. Біз қазір шетелге шығып жатқан вагондар болса, әрбір вагонды тексеріп жатырмыз. Әр вагон бойынша проба алып, ол бензин ба, дизель отыны ма, әлде қоспа ма, әлде басқа бір сараптама өткізіп әрқайсысын тексеріп, оған толықтай кедергі, бөгет жасап отырмыз.

Енді елдегі жанар-жағармай құю бекеттерінің бәрі қатаң бақыланады. Ол жерден бір күнде қанша литр мұнай өнімі кетті, ол қаншадан сатылды, міне, осының бәрі жіті қадағаланады.

Болат Ақшолақов, ҚР энергетика министрі:

– Ол үшін энергетика министрлігі қыркүйектің 15-не дейін арнайы платформаны іске қосады. Жанар-жағармай құю станциялары сол порталға енгізіледі.....

Кеше Үкімет басшысы жанармай бекеттерін қадағалауды қатаң тапсырған еді. Талапқа бағынбай, жүгенсіз кеткендері жауапқа тартылады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

– Жаңа төлем жүйесі дүйсенбіден бастап енгізілді. Талапқа бағынбаған жанармай құю бекеттерінің лицензиясын қайтарып алуға дейін жазалаймыз. Сондықтан бұл мәселе жақын арада реттеледі

Ал бүгін министр Болат Ақшолақов «мәселені екі-үш күнде реттейміз» деді. Туындаған тапшылықты жою мақсатында мұнай өңдеу зауытының әрқайсына қосымша 100-ден аса вагон беріледі. Ведомство басшысының сөзінше, жанар-жағармай жеткілікті, бар қиындық логистикада. Мұнай өнімі сыртқа шығарылмайды. Барлығы ішкі нарыққа кетеді. Жеңіл көлік тізгіндегендер бір күнде 100 литр, ауыр көлік иелері 300 литрге дейін дизель ала алады. Оның литрі өңірге байланысты 230-260 теңгеден сатылады. Ол үшін азаматтар жанар-жағармай құю бекетіне барғанда жүргізуші куәлігі мен көліктің техникалық құжатын көрсетуі тиіс.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы