Елордада жұртшылыққа мың бос жұмыс орны ұсынылды

Елордада бос жұмыс орындарының кезекті жәрмеңкесі өтті. Жастар сарайына қонақ үй және сауда саттық саласындағы 50-ден астам компания өкілі келіп, қажет мамандардың тізімін жариялады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аспаз, сатушы, менеджер, жүк тасушы, бөлме тазалаушы және тағы басқасы. Елордалық 50-ден астам кәсіпорынға осындай санаттағы мың маман керек. Айлық 120-150 ден кем болмайды дейді.

Мереке Құрманқызы, құрылысқа қажетті заттар шығаратын компанияның кадр бөлімінің маманы:

– Кассир қыздар керек, сату залымызға балалар керек кеңес беруші сосын склад меңгерушісі керек. Осы үшінші рет қатысып отырмын. Бірінші келген кезде маған сәттілік туып, үш жұмысшыны осы жерден алып кеттім. Қыздарымызға беретініміз 120 плюс бонустары бар. Склад меңгерушісіне 200 мың. 20 шақты адам келді.

Жәрмеңке арқылы жұмыс табуға ниеттілер де баршылық. Алғашқы бір сағаттың өзінде 100 адам келді. Жұмыс берушімен тікелей тілдесіп, ұнаған компанияға түйіндемесін ұсынып жатыр. Бірақ бәрі бірдей өз мамандығын таба алмайды.

Раиса Баратова, қала тұрғыны:

Аспаз мамандығы бойынша 5-6 компания өкілімен кездестім. Ұсыныстары жақсы. Айлық 300 мың шамасында болады деді. Кездесуге барып, сөйлесіп көреміз.

Талғат Есімов, қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары:

– Бұған дейін білім беру, және мемлекеттік органдар, колледж, балабақшадағы бос жұмыс орындары бойынша жәрмеңке өткіздік. Жалпы еңбек порталында 2 мың компаниядан 7 мың бос жұмыс орны бар. 5 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген.

Жыл басынан бері түрлі бағытта ірілі ұсақ 49 жәрмеңке ұйымдастырылған. Осы арқылы жыл сайын шамамен 8 мыңдай адам тұрақты жұмысқа орналасады екен.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Нұрғали Мамырбаев