Әлеуметтік желінің әлеуеті

Әлеуметтік желі арқылы 3 сағатта қайырымдылыққа 2 млн теңге ақша жинауға болады. Кішкентай бүлдіршіннің еміне немесе қиын жағдайға тап болған жандарға осылай көмек көрселетінін жиі естиміз. Онлайн қайырымдылық жасау қазір қалыпты үрдіске айналды. Бірақ біреудің қайғысын өз пайдасына жаратып жатқан алаяқтар да жоқ емес. Ендеше алданбаудың амалы қандай? 

Жол-көлік апатына түскен павлодарлық зейнеткердің мына видеосы әлеуметтік желіде жылдам тарап, 35 мыңнан астам қолданушы қараған. Қарияға қатты алаңдаған мейірімді жандар көмек көрсету үшін ақша аударуды да бастапты. 3 сағаттың ішінде қазақстандықтар 2 млн теңгеге жуық қаражат жинап үлгірген. 

Ефим Никитич, зейнеткер:

- Cейчас мы уже набрали сумму, которую надо нам. Просим прекратить сбор. 

- Меня зовут Саламат, это я до того, как меня переехал поезд. И я чудом остался жив, нуу почти. С тех пор я всеми способами пытаюсь заработать себе на протезы руки.

Ал бұл ақтөбелік жастардың түсірген креативті видеосы. Бейнероликті әлеуметтік желі қолданушылары миллион рет қарап шыққан. Құр қарап шықпай тағдыр тәлкегіне түскен жас жігітке қол ұшын созған. Жүрегі кең жандар бірнеше күннің ішінде 10 млн теңге жуық қаражат жинап, Саламаттың протез алуына жәрдемдесіпті.

Бұл біз келтірген екі-ақ мысал. Көмек ретінде ақша жинау науқанын желіде күнде кезіктіруге болады. Психологтардың айтуынша, бұндай қайырымдылықтың да өз түсінігі бар. 

Анна Поздеева, психолог:

- Қазақтардың мәдениетінде «садақа жасау» деген ұғым бар. Яғни, қайырымды іс жасау дәстүрі біздің менталитетте бұрыннан қалыптасқан. Тіпті, «таспен атқанды аспен ат» деген мақал бар. Демек, қазақ халқының дәстүрлері ешкімнің ала жібін аттамауға, жомарт болуға тәрбиелейді. 

Шынымен де жомарттық көрсетуде қазақстандықтарға тең келер ешкім жоқ шығар. Тағы бір мысал, қайырымдылық қор арқылы отандастарымыз 4 млрд теңге ақша жинап, денсаулығында кінәраты бар 2 мыңнан астам балаға көмек қолын созған. 

Аружан Саин, қайырымдылық қорының жетекшісі:

- «Балаларға өмір сыйла» деп аталатын жоба аясында 16 жыл ішінде 2 мың 153 балаға көмек көрсетілді. Осы уақыт аралығында 4 млрд 708 мың 916 теңге жиналып, 3 мың 353 операция жасалды. Бұл деген қазақстандықтар тарапынан жасалған үлкен көмек.

Қайырымдылық атын жамылып пайда көретін алаяқтар да соңғы кезде қаптап кетті. 

Жуырда елорда тұрғыны Әнел Жұмабаева келеңсіз жағдайға тап болып, өз баласының еміне ақша сұрап жүрген еріктілерді кезіктірген. Нәзік жанды шынымен де сәуір айында сал ауруына шалдықан қызының еміне қаржы жинау науқанын бастаған. Бірақ, баласының суретін бөгде біреулер жүктеп алып, пайда таппақ болыпты. 

Әнел Жұмабаева, қала тұрғыны:

- Біз саябақта отбасыммен серуендеп жүрген едік. Бізге 15 жастағы бала келіп, кішкентай баланың еміне ақша жинап жатырмыз деп, менің қызымның фамилиясын атады. Біз аң-таң болдық. Бірден әлгі баладан ақша кімге түсіп жатқанын сұрадық. Телефон нөмірін көрсетті. Нөмір кезінде менен ақша жинауға рұқсат сұраған адамдыкі болып шықты. Мен оған өз келісімімді берген жоқ едім. Содан соң мені бұғаттап тастап, қызымның суреттерін шығарып алған.

Бұндай әккі алаяқтардың жолын кесу мақсатында Қазақстанда жаңа заң күшіне енбек. Яғни, көмекке деп ақша жинау үшін арнайы келісім шарт болу керек. Заң қыркүйектің 5-і күшіне енеді. Оған дейін алаяқтарға алданғыңыз келмесе, мына кеңестерге құлақ асқан жөн. 

Аружан Саин, қайырымдылық қорының жетекшісі:

- Ең әуелі ақша аудармас бұрын барлығының анық-қанығына жетіп алу қажет. Егер күмән туса, онда заңды тұлғалар арқылы ғана көмектесу керек. Себебі бір заң бұзышылық болса, олар жауаптан қаша алмайды.

Заң заңымен. Бірақ өз еркімен кім көрінгенге ақша жіберу арқылы азамат жауапкершілікті өзі де сезінуге тиіс.

Риат Шони, Гүлдана Қален