Науқастардың 10% донордың жоқтығынан көз жұмады

Елімізде ағза алмастыру кезегін күткендер жыл санап артып барады. Себебі донор тапшы. Мамандар осылай деп дабыл қағып отыр. Ал денсаулығы күнен күнге сыр берген отандастарымыз амалсыз өзге елден донор іздеп, сабылып жүр.

Ақжарқын Жағыпарова 35 жаста. Осылай аптасына үш рет гемодиализ жасатады. Өйткені екі бүйрегі бірдей істен шыққан. 2015 жылы денсаулығы сыр беріп емделіп жүріпті. Өткен жылы ауруы асқынып, екі бүйрегі жарамсыз болғандықтан дәрігерлер тез арада трансплантация жасату қажеттігін айтқан. Алайда Қазақстаннан бірде-бір донор табылмапты. Амалсыз қаражат жинап Беларусь еліне баруға тура келген. Ал онда бүйрек алмастыру операциясы 60 мың доллар тұрады. 

Ақжарқын Жағыпарова, қала тұрғыны:

- Өкінішке орай, туыстарымның ешқайсысының бүйрегі сәйкес келмеді. Енді Беларусь елдіне ақылы түрде бүйрек ауыстыруға кезекке тұрып жатырмын. Мен 3 айда бір рет қанымды сол жаққа жіберіп тұрамын. Ол анализ 350 доллар тұрады. Олар сәйкес донор болса мені шақыра қояды.

Мұндағы жалғыз мәселе тек ағза тапшылығы болып отыр. Әйтпесе, елімізде трансплантация саласының инфрақұрылымы қалыптасқан. Күрделі операция жасайтын трансплантолог дәрігерлер, тиісті медициналық жабдықтар, тіндік сәйкестікті анықтайтын зертханалар тіпті санитарлық авиация да бар. Бірақ ағза күту парағындағы науқастар саны күн санап көбейіп барады. Осы тұста, елімізде ағза алмастыру тек екі жолмен жасалатынын айта кеткен жөн. Бұл мәйіттік және туыс донордан жасалатын трансплантация. Өкініштісі сол, жыл сайын ағза алмастыруға кезекегінде тұрғандардың 10 проценті донор табылмай көз жұмады.  

Жақсылық Досқалиев, трансплантолог дәрігер:

- Орган тапшы. Ал тірі адамнан алуға болады. Жанындары, туысқандары, тіпті таныстары беріп жатыр. Оған біздің заң рұқсат етеді. Бірақ сауда-саттық болмауы керек. Былтыр 2 адам, биыл міне август аяқталып қалды ғой 8 айдың ішінде тек екі мәйіттен алдық. Қалғандары туысқандары бас тартты. 

Елімізде 2012 жылдан бастап ағза алмастыру операциялары сәтті жүргізіліп келеді. Ағзасын алмастырып тіршілікке араласып кеткендер көп. Тек күту парағындағы тізім жылдан жылға ұлғайып барады. Мәселен, бүйрегін алмастыруға 3200-ден астам адам кезекте тұр. 154 адам жүрекке мұқтаж болса, 174 адамның бауырын алмастыру қажет.

Айнұр Қуатқызы, Асхат Қарақойшы