Ауылдағы ағайынды емхана тапшылығы алаңдатып отыр

Ауылдағы ағайынды емхана тапшылығы алаңдатып отыр. Дәл қазір елді мекендерде 600-ден аса амбулатория жетіспейді. Әсіресе шалғай ауылдардың ахуалы мүшкіл. Дәрігерлердің жоқтығынан көптеген медициналық мекемелер жабылып жатыр. Түйіткілдің түйінін қалай тарқатамыз? Үкімет қандай шаралар әзірлеп жатыр?

Ауыл медицинасы ақсап тұр. Бір ғана Маңғыстаудағы 3 елді мекенде амбулатория атымен жоқ. Жергілікті жұрт амалсыз ауданға, әрісі қалаға қатынап, емделуге мәжбүр. Мәселен, шалғайдағы Тәжен ауылында медициналық көмек мектеп ғимаратында жасалса, Аппақ селосының тұрғындары Құрық ауылында жарасын жазады. Мұндай мәселе тіпті 3 мыңға жуық тұрғыны бар Қосбұлақ шағын ауданында да бар. Жауаптылардың айтуынша, бұл мәселелерді шешу үшін бюджеттен 577 млн теңге бөлінді.

Дулат Ермекалиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Мәселе боп тұрған себеп, ауылдық елде-мекендердің орталықтағы медициналық ұйымдардан алшақтағы, Шетпе ауылындағы, Бейнеу ауылындағы орталық ауруханалар бар, бірақ шалғай жатқан ауылдарда тұрғындардың жетуі, сол қиындық туғызады, әрқайсының көліктері бола бермейді. 

Ал Павлодар облысында ауылдардағы ахуалды оңалту үшін 30 емдеу мекемесінің құрылысы басталуы мүмкін. Тиісті министрліктен қолдау тапқан жағдайда шұғыл түрде іске кірісеміз дейді мамандары. Алайда медициналық пункт елді мекендегі халық санына байланысты ашылады. Тұрғындар саны 50-ден төмен болса, ауыл халқы дәрігерлік көмекті жақын орналасқан елді-мекеннен алады.

Ерғалы Асылбек, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы:

- Арнайы критерийлерге сәйкес облыс бойынша 30 елді мекен таңдалған болатын. Осы 30 елді мекен бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне өтініш жіберілген болатын. Егер де осы жіберілген өтінішіміз бекітілген жағдайда қаражат бөлінеді және де осы 2023-25 жылдар аралығында сол құрылыс жұмыстары басталатын болады. 

Ал денсаулық сақтау министрлігі республиканың барлық ауылдарын медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ететінін мәлімдеді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасының жоспары бойынша Қазақстанда 200-ден астам жаңа нысан салынады. Сондай-ақ 400-ден астам мекеме жөндеуден өтеді. Мұндай тапсырманы Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берді. Саладағы тағы бір мәселе - маман тапшылығы. Елімізде дәрігерлер жетіспейді. Соңғы мәліметтер бойынша ауруханаларға 15 мыңға жуық маман қажет. Ең көп тапшылық Алматы, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында.

Бекзат Аманов, Динара Абдирова