Қызылорда облысында 20 мектеп салынады

Аймақтағы демографиялық өсімді ескере келе алдағы 3 жылда облыста 20 мемлекеттік мектептің іргетасы қаланбақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазірдің өзінде 6 білім ошағы салынып жатыр. Одан бөлек жеке инвестор есебінен тағы 12 мектеп бөй көтеретін болады. Апатты деп танылған 4 апатты оқу нысанының үшеуі биыл жаңаланады. Үш ауысымға өту қаупі төнген мектептердің де мәселесі шешімін тауып отыр. Педагогтар жиынында саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған қос ардагер ұстаз Төлепберген Қасымов пен Марк Подольскийге Қызылорда облысының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Сонымен қатар жылдың үздік ауыл мектебі атанған Арал ауданындағы гимназия ұжымы 34 млн.теңгенің сертификатын иеленді. 

Руслан Сейсенов, Ұзақбай Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназия директоры:

- Оқушыларымыздың 90%-і мемлекеттік грант иегері атанды. Сондай-ақ аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық ғылыми жобалар мен олимпиада жүлдегерлері болды. Ұстаздарымыз кәсіби байқаудағы барлық ұйымдастырған шараларда тек қана бас жүлде иегері атанып, аудан мен облыстың мәртебесін асқақтатты.

Мерейлі күні сондай-ақ ашық жатқан кәріз құдығына түсіп кеткен 2 жарым жастағы баланы құтқарып қалған аралдық жеткіншек Арман Аманжоловқа екі бөлмелі пәтер кілті табысталды.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

-Мемлекет басшысы тарапынан азаматтарымыздың мұндай ерекше батыл қимылдарын елеусіз қалдырмай, өзгелерге үлгі ету туралы ұстанымы бар екендігін жақсы білесіздер! Сол ұстаным аясында бүгін осы Сіздердің алдарыңызда адам жанынына араша түскен Арман есімді батырға, оның ата-анасына зор ризашылығымызды білдіріп, барша Сыр елінің және Өз атымнан сый-құрмет көрсетсек дейміз. 

Тамыз кеңесінде сондай-ақ 100 мектеп бітірушіге облыс әкімінің гранты табысталды. Конференцияда сөз алған спикерлер білім саласындағы соңғы өзгерістерге тоқталып, дарынды балаларды қолдау, білім берудің ортақ мәселелері жөніндегі  идеяларымен бөлісті.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин