Желіде Қазмұнайгаз компаниясының атын жамылған жарнамалар қаптап кеткен

 Желіде Қазмұнайгаз компаниясының атын жамылған жалған сайттар мен жарнамалар қаптап кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сілтемені бассаң болды, тұзаққа түстім дей беріңіз. Әуелі сауалнамадан өту керек болады. Осы арқылы тұлға туралы жеке ақпарды анықтаған соң, алаяқтар табыс табуға үгіттейді. Сенімге кіру үшін белгілі тұлғалар, компания басшылары тіпті президенттің аты мен фото суреттері пайдаланылады. Қазір «Қазмұнайгаз» өкілдері дабыл қағып жатыр.

Дәурен Омаров, «Қазмұнайгаз» ҰК баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Қазмұнайгаз акционерлік қоғамы ешқандай инвестициялық жобаларға қазақстандықтардан қаржы жинап жатқан жоқ. Интернетте жүрген Қазмұнайгазға инвестиция тарту туралы жарнамалар шындыққа жанаспайды. Сондықтан біз Қазақстан азаматтарын, отандастарымызды мұқият болуға шақырамыз. Тек қана ресми ақпараттарға ғана жүгіне отырып шешім қабылдауларын сұраймыз.

Қазмұнайгаз мамандары  мониторинг жасап желіні жіті қадағалап отыр. Әрбір жалған ақпарды құқық қорғау органдарына жолдайды. Алайда полицейлер қылмыскерлерді әшкерелеудің аса қиын екенін айтады. 

Рүстем Дүйсетаев, ҚР ІІМ Киберқылмыспен күрес орталығы бастығының орынбасары:

- Талдау осындай сайттар шетелде орналасқандығын көрсетеді.  Оларға қарсы күрестің ең тиімді жолы қазір бұғаттау болып табылды. Жыл басынан бері 100-ден астам осындай ресурс анықталған. Оларды ашу мақсатында қажетті халықаралық сұрау салынады.

Елімізде биыл жалпы саны 11 мың 700 интернет алаяқтық дерегі тіркелген. Оның 600-і түрлі жобаларды қаржыландыруға қатысты болып отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мұрат Әріпханов