Алматыда кептеліс азаймай тұр

Жаңа оқу жылы басталғанда Алматыда көлік кептелісінің көбейетіні белгілі. Бірақ кейбір кептелісті жолаушылардың өздері туындатып отыр. Яғни көшенің бойына шығып алып такси тоқтатады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай жағдай көбіне қалаға кіретін және шығатын күре жолдардың бойында байқалады. Осы мәселені шешу үшін қалалық полиция «Сергек» камераларының санын арттырды. «Сергектің» саны артқанымен мәселе жуық арада шешіле қоймайтын секілді. Бұл Райымбек даңғылының батыс бағыты. Байқап отырсаңыздар тақтайдай тегіс жолмен машиналар жүйткіп жатыр. Ал жолдың ортасында көлік тоқтатып тұрған мына жолаушылар біріншіден өз өмірлеріне қауіп төндірсе, екіншіден, кептелісті туындатып отыр. «Лицензиялық такси қызметіне жүгінуге қалта көтермейді», – дейді. 

Ескендір Жоламан, жолаушы:

Ұзынағашқа дейін 5-6 мың теңге. Оны кімнің қалтасы көтереді. Оның айлығы 120 мың теңге шығар 150, 200 мың теңге болар. 6 мың теңгеге күнде Яндекспен қайта беретін болса, 400-500 теңгемен қайтады мына жерден.  

Бейдолла Салиев, жолаушы:

Бізге қауіпті бұл жол. Фабричныйға жету үшін не автобус жоқ, не маршрутка жоқ. Таксиді осылай, мына тұрған халық сияқты біз де ұстап тұрмыз. Арнайы тұрақтары жоқ таксидің. Алтын ордаға барсаң да сол, жолда тұрасың.

Қазір қаладан шығатын он бір бағытқа «Сергек» бақылау камералары орнатылған. Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері сол орындарда 12 мың 770 рет жол ережесі бұзылса, айыппұл сомасы 17 миллион теңгеге жеткен. 

Болатбек Баятанов, қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары:

– Бұл тәжірибе өзінің оң нәтижесін көрсетіп жатыр. Сондықтан басқа да шыға беріс жерлерге «Сергек» камераларын орнатуды жөн көрдік. Атап айтсам  бұрынғы Саяхат автовокзалы мен  Халлиуллин көшесі және Шығыс айналма жолы мен Солтүстік Қапшағай тас жолының бойында,  сондай-ақ Бекмаханов көшесіне орнатылады.

Бұл мәселе жолай адам тасып нәпақа тауып жүрген жүргізушілерге де ауыр тиіп отыр. Өйткені әзірге «Сергек» камерасы жолға шығып көлік ұстағандарды емес, тоқтаған таксилерді түсіреді. Ал Алматымен іргелес ауыл тұрғындары автовокзалдан қатынау мүлдем қолайсыз екенін айтады. Қалың нөпірді айналып өтуге мәжбүр болған жүргізушілерге де айыппыл келіп тұрады екен.

Кенже Амраев, жүргізуші:

Мен Көк базар жақпен күнде жүремін. Адамдар жолдың ортасына шығып алған соң айналып өтуге тура келеді. Енді оларды қақпайсың ғой. Ал бірақ жолақты бастың деп айдың соңында айыппұл келіп тұрады. Сондықтан арнайы такси тұрақтары жасалса деген өтінішім бар.

Қазір ештеңе емес. Қыста қиындау болатыны түсінікті. Қараңғыда, жол тайғақ кезінде оқыс жағдайлар жиі орын алып жатады. Сондықтан, жүргзуші мен жолаушылардың бір ғана тілегі көше бойында арнайы таксилер тұратын тұрақтар болса дейді.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев