Дизель неге тапшы? Жауапты министрлік тиісті шараларды қолға алмаған – Мәжіліс депутаты

Бүгінде көлік міну емес, жанар жағармай құю сән-салтанатқа айналды. Осылай деп шүйліккен «Аманат» партиясының мүшелері, елде дизельдік отынға байланысты қалыптасқан жағдайды сынға алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың айтуынша, жауапты орган – энергетика министрлігі тиісті шараларды уақытылы қолға алмаған. Салдарынан егін ору науқанына шыққан шаруалар зардап шегіп жатыр. «Аманат» партиясы дизельдік отынға қатысты қалыптасқан жағдайды сынға алды. Осы мәселе төңірегінде арнайы жиын өткіген Мәжіліс депутаты, «Аманат» фракциясының мүшесі Аманжан Жамаловтың айтуынша, жауапты министрлік тиісті шараларды уақытылы қолға алмағандықтан, шаруалар зардап шегіп жатыр деп шүйлікті. Қазір аймақтарда партия атынан 216 топ азық-түлік тауарлары мен жанар-жағармай бағасын қадағалаумен айналысуда. Мониторинг қорытындысы бойынша Ақмола, Қостанай, Жетісу, Батыс Қазақстан облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларында бензин мен дизельдік отын жеткізу мәселесінде проблемалар бар. Салдарынан тапшылық туындаған. Қалыптасқан жағдайды энергетика министрі Болат Ақшолақов былай түсіндірді.

Болат Ақшолақов, ҚР энергетика министрі:

– Биыл Қазақстанда көрші елдеримен салыстырғанда дизель отынына деген баға айырмашылығы 80-100 теңге емес, литріне 200 теңгеден жоғары болды. Бұл тұтыну көлемін бірнеше есе арттырып отыр. 100 мың тоннадан астамын шетелдік тұтынушылар сатып алады. Яғни дизель отыны елден шығарылады деген сөз.

Министрдің сөзінше, жанар жағармайдың зауыттан жөнелту құны 1 литрі үшін 177 теңге. Логистикалық шығындарды есептей келе станцияларға жеткенде оның бағасы 203 теңгеге дейін артады. Қазір егін ору науқаны қызған шақта сұраныс артқаны түсінікті. Қажетті қор болмағандықтан жанар-жағармайдың тапшылығы қатты сезіліп отыр.

Аманжан Жамалов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі:

– Әлемде не болып жатқанын ескеріп, елде жанар жағармайдың кемінде үш айлық қорын жасақтау керек еді. Қазақстанда бензин мен дизельдік отынның бағасы әлем боынша ең арзан. Шетелдік тасымалдаушыларға бізде жанармай құю тиімді. Мәселен, өзбек жүргізушілері тауарды Мәскеуге апара жатып, Шымкентте, одан кейін Оралда және кері қайтарда да жанармай құяды. Демек, біз өзбек тауарларын жеткізуді жанама түрде субсидиялап, оларды Ресей нарығы үшін арзандаттық. Қазір Үкімет дизель отынына сараланған бағаларды енгізді. Қазақстандықтар үшін оның құны 230-260 теңге. Шетелдіктер үшін 450 теңге. Неге қазір ғана сараланған тарифтер туралы шешім қабылдадық? Неліктен тек дизель отынымен? Бензин бойынша да осындай проблема бар. Қазір жанармай бекеттерінде тағы да тапшылық бар. Жалпы, бүгінде сіздің іс-әрекетіңіздің арқасында қазақстандықтар үшін енді автомобиль мінуі сән-салтанат емес. Бензин алған адам бай болып көрінеді. Сайып келгенде Қазақстанның барлық халқы зардап шегіп отыр.

Партия өкілдерінің айтуынша, бұндай сараланған тарифті енгізу жанар жағармай құю бекеттеріне өз қалталарын толтыруға мүмкіндік береді. Дизельдік отынды 203 теңгеден қазақстандықтарға сатқаннан гөрі, 2 есе жоғары бағаға шетелдіктерге саудалаған тиімді болып тұр. Сол себепті партиялықтар жанар жағармай құю бекеттері бірінші кезекті өз азаматтарымызға қызмет көрсететіндей тиісті талап қою қажеттігін айтты.

Авторы: Риат Шони