Елордада дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі басталды

Елордада әкімдіктің қолдауымен дәстүрлі ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі басталды. Бүгін алғашқы болып Түркістан облысының шаруалары өнімдерін әкелді.

Өңірдің диқандары қала тұрғындары мен қонақтарына 500 тоннадан аса өнімді ұсынып отыр. Айта кететін жайт, жәрмеңке әр сенбі мен жексенбіде 13 қарашаға дейін өтеді.

Түркістан облысының кәсіпкерлері елордаға 500 тоннадан астам өнім әкелді. Атап айтқанда, 110 тоннадан астам ет, 165,5 тонна бақша өнімдері, 23 тонна картоп, сонымен қатар көкөністер, сүт өнімдері, шұжық, жұмыртқа бар. Мұндағы азық-түлік нарықтағы бағадан 15- 20% төмен саудаланады.

Нұрбол Бекмұратов, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Жалпы өнімнің құны 478 млн теңгені құрайды. Қазір 40-тан аса өнім түрі бар. Екі күнге өнім толық жетеді. Сондықтан елорда тұрғындары мен қонақтарын осы жәрмеңкеге келіп, Түркістан облысының күнге піскен өнімдерін сатып алуға шақырамын. Жалпы 70-тен астам ауыл шаруашылық өндіруші 40-қа жуық көлікпен жәрмеңкеге қатысып отыр.

Елде жылқы етінің бағасы былтырғымен салыстырғанда 6,2 процентке қымбаттаған. Ал жәрмеңкеде жылқы еті-2500 теңгеден сатылып жатыр. Ал сиыр мен қой етін 2300 теңгеден таба аласыз.

Нұрлан Сүлеймен, кәсіпкер:

- 2400-ден береміз 2450-ден. Сауда жақсы жүріп жатыр. Біз 3 тонна ет алып келдік.

Мамажан Әлетбаев, кәсіпкер:

- Арыс қаласынан мал шаруашылығынан келіп тұрмыз. 30 тонна қауын,қарбыз әкеп тұрмыз. Бүгіндікке 10 тоннаға жуық сатылды. 150-160 тан сатылып жатыр. Арыс қаласы Байырқұл елді мекенде өсірген.

Киелі мекенде биыл 123,8 мың тонна ет, 492 мың тонна сүт өнімдері өндірілген. Ал жұмыртқаның 152 млн данасы нарыққа шыққан. Өңірде 7 айда 339 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Елорда әкімдігінің мәліметінше, бас қаладағы жәрмеңке 13 қарашаға дейін жалғасады. 3-4 қыркүйекте Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылады. 

Наргиз Бекмағанбетова, Асхат Қарақойшиев